Халықаралық шахмат күні Дүниежүзілік Шахмат Федерациясының бастамасы бойынша 1966 жылдан бері атап өтіліп келеді. Бұл күні түрлі игі іс-шаралар өткізу дәстүрге айналды. Биылғы жылы шахмат күні құрметіне «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы ғимаратында өнер, спорт және ғылым негіздерінен іс-шаралар ұйымдастырылады.
«20 шілдеде Астанада Халықаралық шахмат күні ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы, гроссмейстер Нұрлан Ибраевпен бірге атап өтілуде. Сондай-ақ, бұл күні елордаға еліміздің шахмат құрама командасының ойыншылары Ринат Жұмабаев пен Әнуар Исмағамбетов келеді», - делінген хабарламада.
Мерекелік бағдарламаға байқаулар, ойын-сауықтар, еліміздің жетекші гроссмейстерлерінің бір ойындық сеанстары кіреді.
Соңғы жылдары Қазақстанда шахмат ойыны кеңінен таралуда. 2012 жылы шілдеде елордамызда блиц пен жылдам шахматтан Әлем чемпионаты өтті. Бұл - Халықаралық Шахмат Федерациясының Қазақстанға деген сенімінің жоғары екендігінің белгісі. Бұған 2013 жылы наурыз айында әйелдер арасындағы командалық чемпионатты өткізу үшін ФИДЕ-нің Астананы таңдауы дәлел болады. Әйелдер арасындағы әлемдік шахмат форумы Қазақстанда табысты өтті, ал еліміздің жас әйелдер құрамасы әлемдік мамандардың құрметіне ие болды.