Қазылар алқасының шешімімен Аида Қажмаханның бейнеролигі үздік деп танылды. Ал Ирина Гураева креативті сурет жасаған. Жансая Беспайдың «Тұмар Ханым» коллекциясы ерекше атап өтілді.
«Прима қобыз» аталымындаа Наргиз Бақтығалиева топ жарса, домбырада ойнаған Асанәлі Әшімов пен Табыс Құдайберген көпшілікті тәнті етті. Фортепианода Мария Шавтельская үздік атанды. «Номад» би ансамблі және «Самұрық» би мектебі «Халық биі» аталымында көш бастады.
Ойындар аясында музыка жекпе-жектер өткізілді. Халық әндерін орындауда Маржан Әбдірахманова және Нәбира Рақымжан үздік болды. «Эстрадалық ән» аталымында Әйгерім Русланова жеңіп шықты, академиялық ән салуда әділ қазылар алқасын Талғат Аллабиринов пен Құдайберген Әбілдин таңғалдырды. Мишель Слобода үздік диджей атанды.
Биыл алғаш рет «Ымдау тілі әні» аталымы енгізілді. Оған 16-дан 25 жасқа дейінгі Астана тұрғындары қатысып, Алмат Теңізбай жеңіске жетті.
«Театр» аталымы қатысушылардың да, көрермендердің де қызығушылығын оятты. Қазақ ұлттық өнер университетінің «Драма театры және киноактер» мамандығы бойынша студенттері ең үздік қойылым көрсетті. «Бейнелеу өнері» санатында Дәулет Досмағанбетов жеңіске жетті.
Барлығы конкурсқа 200 астаналық қатысты. Ойындар жас таланттарды анықтауға және дамытуға, өскелең ұрпақты эстетикалық тәрбиелеуге көмектеседі, тұлғаның рухани қалыптасуына қолдау көрсетеді.