Елордада ХІІ Еуразиялық медиа форум ашылды
ҚР Президенті өз құттықтауында медиа-форум Еуразия халықтарының жақындасуы мен жан-жақты ынтымақтасуының белсенді бастамашысы ретінде танылған Астанада өтуінің ерекше символдық мәні бар екендігін баса айтқан. «Біздерді терең тарихи және ұлттық-мәдени байланыстар мен ауқымды іскерлік қарым-қатынастар біріктіреді. Еуразиялық интеграция үдерісі бүгінде дамудың мүлде жаңа кезеңіне шықты. Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы тарихи шартқа 2014 жылы мамырда дәл осы жерде, Астанада қол қою жоспарлануда. Еуразиялық Медиа Форумның елдер мен құрлықтар арасындағы сенім ахуалын қалыптастырудағы, ұлтаралық татулық пен келісімді сақтаудағы айрықша рөлі мен миссиясын атап өткім келеді. Бүгінгі форум күрделі халықаралық-саяси жағдай тұсында өтіп отыр. Соңғы айлардағы көптеген оқиғалар этносаралық татулықты сақтаудың маңыздылығын тағы да көрсетіп берді. Бұл үдеріске Қазақстан өзінің бейбітшілік пен бірлікті қамтамасыз ету жөніндегі оң тәжірибелеріне сүйене отырып, лайықты үлесін қосып келеді», - делінген құттықтауда.
Айта кетейік, форум жұмысына АҚШ конгресі Өкілдер палатасының экс-спикері Ньют Гингрич, Израильдің бұрынғы Үкімет басшысы Эхуд Барак, НАТО-ның бұрынғы бас хатшысының орынбасары Алессандро Минуто-Риццо, ресейлік журналист Владимир Познер сынды танымал адамдар қатысуда. Форум екі күнге жалғасады.