Елордада II Орталық Азия медиафорумы өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 16 -17 сәуір күндері Орталық Азия бойынша медиа саласының мамандары Астанаға жиналады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлайды.
Форумда Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ұлыбритания, Қытай, Қатар, Ресей және басқа да елдердің медиа саласының жетекшілері мен сарапшылары бас қосады деп жоспарланып отыр.
- Екі күн бойы өтетін панельдік сессияларда Орталық Азия мемлекеттерінің БАҚ-ы үшін жаңа даму мүмкіндіктері мен ынтымақтастық мәселелері, жаһандық медианың дамуы, болашақтың ақпараттық кеңістігін қалыптастыру, жасанды интеллект пен көп деректер кезеңіндегі медианың цифрлық трансформациясы, сондай-ақ ел имиджін қалыптастырудағы әлеуметтік желілердің рөлі талқыланады, - делінген хабарламада.
Медиафорумға 500-ден астам қатысушы (отандық және шетелдік БАҚ басшылары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың баспасөз қызметі өкілдері, ЖОО студенттері, инфлюенсерлер, медиа сарапшылар және т.б.) келеді. Оларға арнап Euronews, CNN, Яндекс және басқа да жетекші ұйымдар мамандары шеберлік сабақтарын өткізеді.
Сонымен қатар медиафорум аясында Орталық Азия елдері ақпарат министрлерінің (уәкілетті тұлғаларының) кездесуі жоспарланған.
Медиафорумға қатысу үшін сайтына кіріп, тіркеуден өту қажет.
Еске салсақ, 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия медиа форумының қатысушыларымен кездескен еді.