Елордада ІІІ Президенттік олимпиаданың жеңімпаздары марапатталды

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Кеше елордадағы «Назарбаев университетінің» Сенат залында математика, физика, химия және биологиядан ІІІ Президенттік олимпиаданың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Екі күнге созылған білім сайысының қорытындысына сәйкес 1-дәрежелі диплом мен алтын медальға математикадан Рауан Рахмет (Астана), физикадан Жасұлан Бараисов (Жамбыл облысы), Хисмиядан Мирас Бекбергенов (Астана) және биологиядан Жасұлан Шайхығали (Солтүстік Қазақстан облысы) ие болды.

Ал 2-дәрежелі диплом мен күміс медальмен математикадан Қайролла Жақыпов (Павлодар облысы), физикадан Сергей Бланк (Ақтөбе облысы), химиядан Нұрбек Серік (Жамбыл облысы), биологиядан Алтынай Нарманова (Астана) марапатталды.

3-дәрежелі диплом мен қола медаль математикадан Сергей Дробаға (Павлодар облысы), физикадан Тайман Сабырғалиев пен Дархан Нұрлыбаевқа (Алматы), химиядан Ернұр Төлепке (Жамбыл облысы) және биологиядан Ернар Тұрсынбайға (Жамбыл облысы) бұйырды.

Айта кетейік, Президенттік олимпиаданың ережесіне сәйкес, 1-дәрежелі дипломмен марапатталған жеңімпаз «Болашақ» халықаралық стипендиясымен шет елде білім алуға мүмкіндік алса, қалған жүлдегерлерге еліміздің жоғары оқу орындарында білім алу үшін өткізілетін байқауда басымдық беріледі.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков, «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Ділдәш Битуова, «Назарбаев университеті» әкімшілігінің өкілдері және олимпиадаң әділқазылары қатысты.