Елордада ІІМ-нің оқу орындары оқытушыларына арналған тренинг өтуде

АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанада «Полицейлерді даярлайтын орта кәсіптік білім беру орындарында адам құқықтарын сақтау курстарын оқыту» атты жобаның аясында тренинг өтуде,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш тақырыпта білімдерін толықтыру мақсатында Семей, Шымкент, Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Тараз, Өскемен, Теміртау қалаларында орналасқан ІІМ училищелерінің оқытушылары келді. Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Орталығы және Ішкі істер министрлігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан шара 3 күнге созылады.

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы директорының міндетін атқарушы Роза Ақылбекованың айтуынша, бюро Қазақстанның Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, кадрларды даярлау жобаларын құруға белсенді қатысуда. «Ел ішіндегі тәртіпті, тыныштықты сақтау ісінде тұратын жетекші орган болғандықтан, олардың заңдық біліктілігін арттыруда оқыту тренингтерінің маңыздылығы ерекше», дейді ол.

«Аталмыш тренинг жұмысы жергілікті орындарда полицейлерді, құқық қорғаушыларды даярлайтын мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға үлес қосады», дейді ІІМ-нің Кадрлық жұмыс департаментінің директоры Дәулен Ахметов.

Сонымен қатар жоба аясында оқу орындарының студенттеріне арналған адам құқықтарын сақтаудың халықаралық және отандық қағидаттары жинақталған оқу құралдары жарияланды.