Елордада Инчхондағы Пара Ойындар-2014 жеңімпаздарына құрмет көрсетіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Оңтүстік Кореядағы Инчхон қаласында өткен жазғы Азиада Пара Ойындар-2014 чемпиондары мен жүлдегерлеріне құрмет көрсету салтанатты рәсімі өтеді.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, осы шара аясында спортшылардың құрметіне орай би флешмобы ұйымдастырылмақ. Бұған елордалық жоғары оқу орындарының 100 студенті қатысады деп күтілуде. ҚР Ұлттық музейінде ертең өтетін марапаттау рәсімінде спортшыларға медальдар, грамоталар, сондай-ақ отандық спортты дамытудағы жетістігі мен үлесі үшін құрмет белгілері табысталады. Естеріңізге сала кетейік, Пара Ойындардың қорытындысы бойынша 84 спортшыдан жасақталған қазақстандық құрама жалпы командалық есепте 11-ші орын алды. Атап айтқанда, Қазақстан қоржынына 7 алтын, 6 күміс және 11 қола медаль түсті. Яғни, 2006 жылдан бергі жазғы Пара Азиада ойындары тарихында медальдарды рекордты көлемде иеленіп отырмыз. Марапаттау рәсіміне ҚР Мемлекеттік хатшысы, ҚР Мәдениет және спорт министрі, сондай-ақ спорттық қоғамдастықтар өкілдері қатысады деп күтілуде.