Елордада интернет алаяқтық қылмысы өсуде

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері елордада 800 интернет алаяқтық тіркелді. Бұл қала аумағында жасалғанжалпы қылмыстың 24 пайызын құрайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің мәліметінше, үш айдың ішінде елордада 25 интернет алаяғы ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Алаяқтардың келтірген шығыны 12 млн теңгеден асады. Ұсталғандардың жасы 20 мен 35 жас аралығында. Олардың бірінің 30 рет алаяқтық жасағаны анықталды. Күдікті жеке жарнамаларға арналған танымал сайттардың бірінде хабарландыру орналастырып отырған. Алдын ала төлемді виртуалды картаға аударуды сұрап, тауарды екі күннің ішінде жеткізуге уәде берген. Бірақ, ақша картасына түскеннен кейін хабарландыруын жойып, телефонын өшіріп тастаған. Ол елордалықтарға 2 500 000 теңге шығын келтірген. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Онлайн-сауда мен қызметтер түрі танымал бола түсуіне байланысты елорданың барлық тұрғыны банк картасын аштырған. Бірақ, барлығы бірдей, әсіресе егде жастағы адамдар мен зейнеткерлер интернет-банкинг пен оның қызмет мүмкіндіктерін біле бермейді. Мәселен, банк картасының реквизиттерін үшінші тұлғаларға айтса немесе берсе, онда қылмыскерлер интернет-банкингтің есепке алу жазбаларына еркін кіріп, есепшотты басқара алады», - деп атап өтеді ведомстводан.

Осыған орай Полиция департаменті интернет алаяқтықтың кең тараған ескертіп отыр. Яғни, алаяқтар әлеуметтік желіде белгілі бір тауардың сатылатыны туралы жалған хабарлама орналастырады. Олардың қатарында ұялы телефондар, тондар, зергерлік бұйымдар, көлік бөлшектері, автомобильдер болуы мүмкін. Әдетте сатып алушылар тауардың өзге хабарландыруға қарағанда бағасының біршама төмендігіне алданып қалады. Осы орайда тауарды сатып алуға асықпау керек. Алдымен тауардың бар екеніне және оның сапасына көз жеткізген жөн. Тіпті сатушыдан видеоқоңырау арқылы тауарды көрсетуді де талап ету қажет.