12:14, 09 Сәуір 2009
Елордада «Интернетті мемлекеттік басқару және азаматтардың ақпарат алу құқықтары» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті
АСТАНА. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Бүгін Астанада «Интернетті мемлекеттік басқару және азаматтардың ақпарат алу құқықтары» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталмыш кеңеске ҚР Ақпараттандыру және байланыс агентігінің өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, журналистер және халықаралық сарапшылар қатысты. Жиналғандар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасы төңірегінде пікір алмасты. Ақпараттандыру және байланыс агентігінің жауапты хатшысы Батыр Маханбетәжиевтің айтуынша, заң жобасында интернет желілерде деректер беруді реттеудің жаңа тетігі ұсынылады. Соған сәйкес Ата заңда көрсетілген жеке және заңды тұлғалардың құқықтарына қайшы келетін ақпарат анықталған жағдайларда, сотқа міндетті түрде талапты енгізу мен осы ақпаратты жариялауды тоқтата тұру туралы шешім Бас прокурор арқылы қабылданатын болады. Заңнамаға сәйкес емес ақпараттың жариялануын тоқтату туралы Бас прокурордың шешімі провайдерлерге барлық ақпараттық-коммуникациялық желілерде аталған ақпаратқа қол жеткізілімін соттың шешіміне дейін тоқтатуға мүмкіндік береді. Бұл заң қазақстандық және шетелдік интернет-ресурстарға шығарылатын ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етпек. «Бүгінде интернетке халықтың 14 пайызы ғана кіретін болса, күні ертең біздің барлық жастарымыз интернетті пайдаланатын болады. Осындай жағдайда интернет мәдениеті және ақпараттық соғыстағы «ойын» ережелері жайындағы әңгіме өте өзекті. Қазақстан Тәуелсіз ел ретінде танылып отыр. Сондықтан біз интернетте өзіміздің құқықтық және мәдени ортамызды құруымыз керек», - дейді Б.Маханбетәжиев.