Елордада ірі сауда орталықтары мен базарлар азық-түлікті төмен бағамен сатуға келісті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада азық-түлік бағасын тұрақтандыруға қатысты сауда орындарымен келісім жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы «Әсем», «Әлем», «Шапағат», «Биг Шанхай» және «Шарын» азық-түлік базарларының өкілдерімен кездестіКездесу аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түріне шекті сауда үстемесін орнату туралы келісімге қол жеткізілді.

Азық-түлік базарларының өкілдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесінің мөлшері бойынша 15%-дан аспайтын, ал көпшілік позиция бойынша 7-10%-дан аспайтын бірлескен меморандумға қол қоюға дайын екендігін білдірді.

Сондай-ақ, осы мәселе бойынша «Magnum», «Small», «Аян», «Астықжан», «Кеңмарт» және т.б. сауда желілерімен меморандум жасасу бойынша іс-шаралар пысықталып жатыр.

Қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы «айналым механизмі» аясында 8 субъектімен шарттарға қол қойып, 4,6 млрд теңге қарыз бөлді.

Бұл ірі сауда объектілерінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 18 позициясын төмендетілген бағамен сатуға мүмкіндік берді:

- «Ақмол» дүкендерінде 2021 жылдың желтоқсанына дейін 10 тауардың (сүт, айран, тауық еті, сүзбе және т.б.) бағасы бекітілді.
- «Магнум» сауда желісінде 16 позицияның (сүт, айран, тауық еті, сүзбе және т. б.) бағасы бекітілді;
- «Аян», «Астықжан» және «Кеңмарт» дүкендерінде күнбағыс майының 2 түрі («Лето», «Хозяюшка») 460 тг/л бағада сатылады.
- «Магнум», «Астықжан», «Вкусмарт», «Метро» желілерінде күріш 245 тг/кг бағада және қарақұмық жармасы 330 тг/кг бағада сатылады.

Көкөніс өнімдері 6 нысанда («Шапағат», «Рахмет», «Вкус Март», «Анвар», «Астықжан» және «АQMOL») қала бойынша ең төмен бекітілген бағамен сатылады.

Картоп-89 тг/кг, қырыққабат-90 тг/кг, пияз-80 тг/кг, сәбіз-77 тг/кг.