«Барлық салада, әсіресе технология саласында белгілі бір өзгеріс болмаған жағдайда бәсекеге қабілетті бола алмаймыз. Бұл жастар, әсіресе сіздерге қатысты. Сол себепті мемлекет осындай форумдар ұйымдастырып, бағдарламалар қабылдайды. Бұл - базалық іргетас, қалғаны өз қолдарыңызда. Қазақстандық жастар - ең талантты, қабілетті, болашағы зор», - деді Дәурен Абаев форумның ашылу салтанатында.
4 ай ішінде www.jastarsinergiіasy.kz білім беру платформасында 2000-ға жуық адам веб дизайн, киберқауіпсіздік, онлайн қызмет көрсету, smartcity, инвесторларды тарту және сайт құрастыруға қатысты тақырыптарда дәрістер алды. Одан кейін дәріс алушылар өз жобаларын республиканың 17 аймағында ІТ-жобалар аллеясында ұсынды. Еліміздің әр түкпірінен барлығы 350-ден астам ІТ-жобалар жиналды.
Айта кетсек, форум аясында биыл мамыр айында бастау алған жобаның 60-тан астам финалисі өз жұмыстарын көрсетуде. Жоба мақсаты – жастарды Қазақстанның ақпараттық технологиялар мамандығы бойынша оқыту арқылы еліміздегі ІТ бағытын дамыту.