Елордада қапырық, жедел жәрдем шақырушылар саны күрт артты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мамандар күннің қатты ыстық болуына байланысты елорда тұрғындарына күндізгі уақытта көшеде көп жүрмеуге кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта Астанада ыстық ауа райы сақталып тұр. Соңғы екі аптада жедел жәрдем шақыру саны 2,5 есе жағдайға дейін артты. Әсіресе 55 жастан асқан тұрғындар арасында қан қысымының көтерілуі жиі кездеседі. Бұған ыстық ауа райы әсер ететінін жоққа шығармаймыз. Осыған байланысты барлық қала тұрғындарын күн қызуынан барынша қорғануға және өз денсаулығына қамқор болуға шақырамыз», - деді Астана қалалық жедел жәрдем станциясы ақпараттық-жедел диспетчерлік бөлімінің меңгерушісі Сабыр Нарқұлов.

Ол ең алдымен сағат 12:00-ден 16.00-ге дейінгі аралықта көшеге шықпауға кеңес берді.

«Бұл уақыт әсіресе жүрек-қан тамырлары жүйесінде проблемалары бар егде жастағы адамдар үшін қауіпті. Тіпті салыстырмалы түрде сау адамдарда ыстық ауа-райында проблемалар байқалады. Алғашқы белгілері - бас айналуы және жүрек айнуы. Сондықтан сыртта көп уақыт жүрмеуге тырысыңыз. Серуен уақытын тиімді таңдау ұсынылады», - деді ол.