Елордада қарақшы жұмысшыларға төленетін жалақыны ұрлап кеткен

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Полиция қызметкерлері елорда тұрғынынан жұмысшыларға жалақы төлеуге арналған 1 млн теңгені ашықтан-ашық ұрлап кеткен 31 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жәбірленушінің айтуынша, ол – құрылыс ұйымының бригадирі. Жұмысшыларына жалақы беру үшін 1 миллион теңге көлемінде ақша алған. Кеш батқанда үйіне қарай аяңдаған жәбірленуші көшеде кездейсоқ жолаушымен сөйлесіп, оған көп ақшасы бар екенін айтып мақтанған.

Бейтаныс адам қалтасынан ақшаны тартып алып, белгісіз бағытта қашып кеткен.

Жедел-тергеу шараларын жүргізу барысында полицейлер тонаушының ізіне түсті. Ер адамның бірнеше рет сотталғаны анықталды.

Ірі ақша сомасын ашықтан-ашық ұрлап, қылмыстық қудалаудан қашуға тырысқан. Сол мақсатта Тараз қаласына кетіп қалған. Полиция қызметкерлері күдікті азаматты ұстап, Нұр-Сұлтан қаласына жеткізді.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 191-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар