Елордада қарақшылық шабуыл жасап, 64 млн. теңге алып кеткендер ұсталды

АСТАНА. 26 шілде. ҚазАқпарат - Елордада қарақшылық шабуыл жасап, 64 млн. теңге алып кеткендер ұсталды, деп хабарлады Астана қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен.

«17 мамыр күні таңертең Астана қ. ІІД жедел басқару орталығына А. есімді азаматтан өзіне қарақшылық шабуыл жасалғандығы туралы ақпарат түсті», - делінген таратылған ақпаратта.

Тергеу барысында оқиға орын алған 1 күн бұрын қарақшылық шабуыл жасағандардың А. есімді азаматтың үйіне электрик ретінде келіп, электр желілерінің жай-күйін тексергендігі анықталды. Ал келесі күні тағы да электрик атын жамылған 25-30 жас шамасындағы 3 жігіт келіп, күш қолдану арқылы ақша талап еткен. Үй иесі сейфті көрсеткеннен кейін ондағы 64 млн. теңгені иемденген қарақшылар белгісіз бағытта із жасырған.

«Сарыарқа» аудандық ішкі істер басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел іәздестіру іс-шаралары барысында 3 күдікті ұсталып, уақытша оқшаулау орнына қамалды. Күдіктілерден айғақтай зат, атап айтқанда 70 мың АҚШ доллары тәркіленді.