Елордада карантин талаптарын бұзғандарға 37 млн теңге айыппұл салынды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 10 қарашадан 24 желтоқсанға дейін Нұр-Сұлтан қаласының аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына шектеу және карантиндік іс-шараларды бұзған кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 252 шұғыл ескертпе келіп түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорданың бас санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиеваның айтуынша, аталған ескерпелер негізінде нысандарда 199 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Оның нәтижесі бойынша кемшіліктерді жоюға қатысты 175 нұсқау беріліп, 37 433 550 теңге сомасына 180 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Қазіргі кезде елорданың құқық қорғау органдарынан аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына карантиндік іс-шараларды бұзу фактілері бойынша материалдар келіп жатыр. 5 шілдеден бастап 2422 рапорт келіп, олар бойынша жалпы сомасы 233 502 564 теңгеге 1200 жеке, лауазымды әрі заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді Ж. Пірәлиева онлайн брифингіде.

Атап айтқанда, жалпы 5 шілдеден бері шектеу талаптарын орындамағаны үшін аудандық басқармалар 270 936 114 теңге сомасына 1380 жеке, лауазымды және заңды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартқан.