Елордада карантин талаптарын сақтамағандар жазаланады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорданың мониторингтік топтары күн сайын кәсіпкерлік объектілерінде карантиндік шектеулердің сақталуын тексереді. Көңіл көтеру орындары карантиндік шектеулерге қарамастан санитарлық талаптарды бұзуын тоқтатар емес. Мәселен, өткен тәулікте 6 нысанда карантин талаптары сақталмағаны анықталды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Есіл ауданының мониторингтік тобы «Horeca» мейрамханасын тексеру кезінде 60-қа жуық адам болғанын анықтады, карантин жағдайында мұндайға жол берілмейді, өйткені әлеуметтік қашықтық сақталмайды. Сонымен қатар, мекеме жұмыс режимін бұза отырып жұмыс істегені белгілі болды.

«Monte Bianco Hotel Astana» қонақ үй-мейрамхана кешенінің караоке-барында да белгіленген жұмыс уақыты сақталған жоқ, бұл ретте тексеру кезінде ішінде 40 адам болғаны анықталды.

Сондай-ақ тұрғындардан түнгі уақытта «Derby pub» бары тыныштықты бұзғаны туралы шағым түсті. Тексеру кезінде мекемеде 8 адам болған. Меншік иесі түсініктеме беруден бас тартты, сол себепті Есіл ауданының полиция бөліміне хабар берілді.

Сарыарқа ауданында орналасқан «Let's play» кафесі мен «Мята» лаундж-барында да карантин режимі сақталған жоқ. Байқоңыр ауданындағы «Corner 65» компьютерлік клубында да осындай бұзушылыққа жол берілген.

Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар әкімшілік сипаттағы шаралар қабылдау үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы уәкілетті органға берілді.

Айта кету керек, COVID-19 індетінің төмендегеніне қарамастан елорда эпидемиологиялық жағдайды бағалау бойынша «қызыл» аймақтан әлі шыққан жоқ. Сондықтан қала тұрғындары мен қонақтары санитарлық нормаларды қатаң сақтауы керек: маска режимі, әлеуметтік қашықтық, қол гигиенасы. Азаматтар өздерінің де, өзгелердің де денсаулығын сақтау үшін коронавирусқа қарсы вакцинациядан өтуі керек, өйткені иммундау қауіпті вируспен күресудің жалғыз тиімді әдісі болып саналады.