«Есіл ауданының мобильді тобы түнгі рейд барысында SPA-салондардың бірін тексеріп, онда карантин режимінің шектеу шараларына қарамастан жұмыс жүргізіліп жатқанын анықтады. Коттеджде орналасқан салонға тәртіп сақшылары барған кезде SPA-процедура қызметі бес адамға көрсетіліп жатқан», - деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.
Әуенді ән, жайлы жағдай мен еркін демалыс. Осындай жағдайда келушілерге SPA-салондағы бес әйел қызмет көрсеткен. Тыйымды елемеген нысан иесі осылайша келушілердің денсаулығына қатер төндіріп, шектеулермен санаспаған. Оған қатысты Әкімшілік кодекстің 425-бабы бойынша хаттама толтырылды.
Полиция, әкімдік және тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау басқармасының қызметкерлері мобильді топ болып, рейд шараларын жалғастыруда. Көңіл көтеретін орындар, мейрамхана, дәмханалар мен барлар, компьютерлік клубтардың бәрі де тексеріліп жатыр.