Елордада қарызы бар бірнеше пәтерге су беру тоқтатылды

АСТАНА. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат -  Астананың кейбір тұрғындары үшін жаңа жұмыс аптасы сәтсіз басталды. «Астана су арнасы» МКК, Астана қаласының сот актілерін орындау департаменті қарыздарын төлемеген тұрғындарды орталық сумен жабдықтау жүйесінен ажыратып тастауды бастады.

Бұл жайында елорданың ресми сайты хабарлап отыр.

«Астана қаласының сот орындау департаменті «Астана су арнасы» МКК-мен бірге рейд өткізуде. Бұл іс-шара барысында борышкерлердің пәтерлеріне келіп, сот шешімімен таныстырып, осы сот шешімін орындау қағазын берудеміз. Ал, сот шешімін орындамаған жағдайда борышкерлерге су беру тоқтатылады», - деді қаладағы сот актілерін орындау департаментінің мемлекеттік сот орындаушысы Дәурен Сәрсенбаев.

Астана қаласы бойынша судың қарызы 200 млн теңгеге жеткен. Оның ішінде 90 млн теңге жеке тұлғалардың бережағы. Яғни, бас қаланың 2500 тұрғыны қарызға белшеден батып келеді. Айта кету керек, тұрғындарға үш ай бұрын ескерту жасалады. Оған қоса, ауыз сусыз қалдырмас үшін қарызды өтеуге тағы бес күн беріледі. Ал, бұдан кейін де жағдай оңалмаса, арнайы мекемелер ауыз судан ажыратуға мәжбүр болады.

 «Суға ақша төлемеудің түрлі себептері бар. Сондықтан біз үш ай сайын ескерту жасап, тұрғындарға мүмкіндік жасаймыз. Алайда, бұл ескертулерден кейін жағдай өзгермесе, біз басқа шара қолдануға мәжбүрміз. Осылайша, судан ажыратамыз. Бұл жағдай тұрғындарға сабақ болар деген ойдамын», - дейді «Астана су арнасы» МКК-нің баспасөз хатшысы Вахид Ниязов.

Кеше Жеңіс даңғылы мен Байтұрсынов көшесіндегі  бірнеше пәтер судан ажыратылған көрінеді.