Елордада қашықтан оқитын оқушылар арасында КВИ жұқтыру жағдайы көбейді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Оқу жылының басынан 25-ші наурызға дейінгі CОVІD-19 жағдайы бойынша 1590 оқушы КВИ жұқтырды.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оқу жылының басынан 25-ші наурызға дейінгі CОVІD-19 жағдайы бойынша оқушылар арасында барлығы 1590 жағдай тіркелді. Оның ішінде оффлайн режимде оқушылар арасында 30,6% (1103 жағдай), қашықтан оқитындар арасында – 69,4%. Яғни, наурыз айында оффлайн режимде оқитын оқушылар арасында сырқаттанушылық 10%-ға өсті», - деді С. Бейсенова елорда әкімдігінде өткен онлайн брифингте.

Спикердің айтуынша, оқу жылының басынан бері Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 92 мектеп карантинге жабылған.

«Жыл басынан бері мектепке дейінгі балалар мекемесіне келген науқас балалардың саны – 145», - деді С. Бейсенова.

Бұған дейін Сархат Бейсенова елордадағы КВИ жұқтыру статистикасын жариялаған еді. Елордада коронавирус жұқтырғандар күніне 150-ден 280-ге дейін тіркеледі.

Сонымен бірге, С. Бейсенова қандай жағдайда карантин талаптары күшейтілетінін түсіндірді.