Елордада «Каспий күні» атап өтілді

ыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Бүгін елордалық саябақта «Каспий күніне» арналған мерекелік акция өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш шараның мақсаты - жұртшылықтың Каспий теңізінің бірегей биоәртүрлілігін сақтау және оның қоршаған ортасын қорғау қажеттілігі жайлы хабардар болуы. Акцияны Каспий экологиялық бағдарламасы ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігімен және «Эколайт» қоғамдық бірлестігімен бірігіп ұйымдастырып отыр. Каспий экологиялық бағдарламасын (КЭБ) 1998 жылы Каспий маңайындағы 5 ел - Әзірбайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түрікменстан құрған болатын. Бағдарламаның мақсаты - Каспий теңізінің экологиялық тұрақты дамуына және қоршаған ортасын басқаруға қол жеткізу.

Естеріңізге сала кетейік, 2006 жылғы тамыздың 12-сінде Каспий теңізінің қоршаған ортасын қорғау жөніндегі негізгі құжат - Тегеран конвенциясына қол қойылған болатын. Содан бастап Тегеран конвенциясының тараптары осы күнді «Каспий күні» деп жариялады. Алғашқы «Каспий күні» Тегеранда, өткен жылы Ресейде, ал биыл Қазақстанның елордасы Астанада атап өтілуде.

Халықаралық қауымдастық Тегеран конвенциясының үдерісін дамыту үшін жаңа КАСПЭКО жобасын іске қосты. Оны Жаһандық экологиялық қоры қаржыландырады және БҰҰ Даму бағдарламасы орындайды. «Жоба Тегеран конвенциясының үдерісін қолдау арқылы қоршаған ортаның қорғалуын аймақтық бақылауды күшейтуге және Каспий теңізінің биоресурстарын сақтап қалуға бағытталған», - деп атап өтті «КАСПЭКО» жобасын үйлестіру жөніндегі ұлттық қызметкері Серік Ахметов. Оның айтуынша, биыл сәуір айында Жобаның басқарма және үйлестіру бюросы Тегераннан Астанаға көшірілді.

 Мерекелік акция аясында бүлдіршіндер арасында «Каспий - біздің байлығымыз» атты суреттер байқауы өтіп, шара елордалық КТК-ның және шығармашылық ұйымдарының қатысуымен мерекелік концертпен жалғасын тапты.