Елордада қай орындарда шомылуға рұқсат етіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада шомылу маусымының басталуына байланысты су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Бұл жөнінде қалалық Төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді.

Фото: Тастан Тоянов

— Жаз мезгілінің келуімен Астана тұрғындары мен қала қонақтары су жағасына жиі бара бастады. Осыған байланысты қалалық Төтенше жағдайлар департаменті судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық және жедел іс-шараларды күшейтті.

Қазіргі уақытта құтқарушылар Есіл өзенінде күн сайын бақылау жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар қауіпті аймақтарда үш мобильді құтқару бекеті жұмыс істеп тұр, — делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шомылу үшін бес ресми орын белгіленген. Мына жерлерде ғана суға түсуге рұқсат етіледі: Орталық қалалық жағажай, коммуналдық жағажай, сондай-ақ «Армина», «Столичный двор» және «Три пескаря» демалыс аймақтары. Ал жабдықталмаған және қауіпті учаскелерде шомылуға тыйым салынғаны туралы арнайы ескерту белгілер орнатылған.

Сондай-ақ, мамандар қала тұрғындары мен қонақтарын тек ресми жағажайларда демалуға, балаларды қараусыз қалдырмауға және мас күйінде суға түспеуге шақырады.

Қауіпсіздік талаптарын бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Өткен жылғы шомылу маусымында жүргізілген рейдтер барысында 176 әкімшілік хаттама толтырылған.

Өкінішке қарай, былтыр елордадағы су айдындарында үш адам суға кетті. Олардың екеуі кәмелетке толмаған балалар. Мамандардың айтуынша, барлық қайғылы жағдай шомылуға рұқсат етілмеген орындарда тіркелген.

Құтқарушылар жазғы демалыс кезінде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау адам өмірін сақтап қалудың басты кепілі екенін ескертеді.

Айта кетейік, бұған дейін ІІМ шомылу маусымында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырғанын жазғанбыз.

Камила Тайтөлеу