Елордада қайтарылған активтер есебінен салынып жатқан стадион құрылысы қашан аяқталады

Фото: Астана қаласы прокуратурасы

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада қайтарылған активтер есебінен Қ.Мұңайтпасов атындағы жаңа заманауи стадионының құрылысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Астана қаласы прокуратурасы.

Ведомство мәліметіне сәйкес, бұл әлеуметтік нысанды 2026 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған. Құрылыс аяқталғаннан кейін стадион аумағында футболды дамытуға басымдық беретін мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебі орналастырылады.

Фото: Астана қаласы прокуратурасы

— Мектеп 8 бен 18 жас аралығындағы 750 балаға есептелген. Жас спортшыларға жаттығу және жарыс процесіне қажетті барлық жағдайлар жасалады: жасанды жабыны бар заманауи футбол алаңы, киім ауыстыратын бөлмелер, жаттықтырушылар бөлмесі, медицина кабинеті және көрермендерге арналған трибуналар қарастырылады. Аталған нысан спорттық даярлық сапасын арттыруға, жастар арасында бұқаралық спортты дамытуға және болашақ кәсіби футболшыларды тәрбиелеуге бағытталған. Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуы прокуратура органдарының ерекше бақылауында, — деп атап өтті қалалық прокуратура.

Бұдан бұрын Атырауда 1950 жылы пайдалануға берілген стадион тағы реконструкциядан өтетіні мәлім болды.