Елордада қазақ халқының мақтанышына айналған ұлт тұлғаларына бірегей ескерткіш мемориал кешені тұрғызылса игі - И. Елекеев

АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Елордада қазақ халқының мақтанышына айналған ұлт тұлғаларына бірегей ескерткіш мемориал кешені тұрғызылса игі. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Ирак Елекеев осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Астананы көшіру идеясының авторы, елорданың бас сәулетшісі Н. Назарбаев, бірнеше рет «Астана - еліміздің айнасы, Қазақстанның мақтанышы» деп атап өткен болатын. Сондықтан да бүгінгі күні Ванкуверден Владивостокқа дейін аты әйгілі болып отырған Астанада ұлттық символдар айқын көрініс табуы шарт. Бұл ретте, ең алдымен айбынды Алатаудан қарт Каспийге дейінгі кеңістікті мұра еткен ұлы бабаларымыздың есімдері - Қарасай, Наурызбай, Райымбек, Сырым Датұлы, Исатай, Махамбет бабаларымыздың аттары ұлықталуы тиіс. Ендеше осылар секілді басқа да қазақ арасындағы атақты бабаларға елордадан бірегей мемораилдық кешен тұрғызған орынды», деді депутат.

Оның айтуынша, елордада тек қазақстандықтар ғана емес, басқа халықтардың да мақтанышына айналған, тағдырдың тәлкегімен қазақ даласын мекен етіп, осы жерде атақтары шыққан басқа да азаматтарға құрмет көрсетілуі тиіс. Бұдан басқа, Астанадан халқымыздың аңызға айналған тұлғасы Мұстафа Шоқай да өз орнын алуы керек, «Алаш орданың» көрнекті тұлғаларына да ескерткіштер кешені қойылуы шарт», деді И. Елекеев.

Сонымен бірге, депутат Қазақстанның жаңа астанасында халық жазушысы, ұлт патриоты Сафуан Шаймерденовтың есімін қаланың орталық көшелерінің біріне беруді, сол секілді қайраткер Қаратай Тұрысов пен Шәріп Омаровты да ұмытпау қажеттігін, Тынышбаев, Марғұлан, Бекмахановтардың еңбегі бағалануы тиістігін атап өтті. «Тіпті, неге сол жағалаудағы көшелердің біріне тәуелсіздігіміздің орнығуына жәрдемші болған РФ алғашқы президенті Б. Ельциннің есімін бермейміз?! Қазақстанның шынайы патриоты, бұрынғы Жоғарғы кеңес депутаты А. Княгининнің атымен астананың бір көшесі аталса несі айып?», деді ол.

Осыған байланысты депутат, елорданың көше атауларымен, ескерткіш орнату мәселелерімен тек әкімдік жанындағы ономастика комиссиясы айналысатынына түсінбеушілік білдіріп өтті. «Бұндай өте жауапкершілікті шаруаны бір ғана қала әкімдігінің мойнына жүктеп қоюға болмайды. Сондықтан да, Үкімет жанынан бұл шарамен айналысатын мемлекеттік комиссия құру қажет деп білемін», деді И. Елекеев.