Елордада «Қазақ хандығы: Ұлы даланың ұлы бейнелері» атты көрме өтуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейінде бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер туындыларының «Қазақ хандығы: Ұлы даланың ұлы бейнелері» атты көрмесінің ашылу рәсімі өтті. Экспозиция алғаш рет дәстүрлі қазақ қоғамының тарихи және мәдени мұраларын айғақтайтын бірнеше музейлік жинақтарды ұсынып отыр.

Экспозицияда бірқатар тарихи артефактілер: Ресей патшайымы І Елизаветаның атынан Абылай ханға тарту етілген атақты қылыштың бөлігі, Бөлек батырдың дулығасы, сонымен қатар Қ.Алтынбековтің тарихи дәлдікпен орындаған қазақ хандарының мөр-жүзіктері мен А.Абдубаиттің алтын зерлі жіппен кестеленген көркем паннолары бар.

Көптеген жәдігерлер көпшілік қауымға алғаш рет ұсынылып отыр. Осылардың қатарында қытайлық Цин династиясының кезеңіне жататын бірегей паннолар маңызды орын алады. Оларда қытай императорларының әр түрлі мемлекет өкілдерімен дипломатиялық сыйлық алмасу рәсімі бейнеленген. Осы дипломаттар қатарында Қазақ хандығының да өкілдері бар. Осындай бірегей, мұрағаттық-бейнелеу дереккөздері ҚХР мұрағаттарынан табылған, ал олардың дәл көшірмелері ҚХР-дағы ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі, қазіргі кезде Президенттің Көмекшісі-ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Н.Ермекбаевтың бастамасымен жасалған. «Қазақ хандығы: Ұлы даланың ұлы бейнелері» атты көрме 2015 жылдың 28 қыркүйегіне дейін жалғасады.