Елордада қазақ мемлекетінің қалыптасу тарихы туралы қолжазбалар көрмеге қойылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада қазақ мемлекеті қалыптасуының тарихынан хабар беретін қолжазбалар жұртшылық назарына ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында ашылған көрмеге 100-ден астам қолжазба қойылды. Көрме бірнеше тарихи кезеңді қамтиды. Атап айтқанда, Түркі қағанаты, Қарахандар, Алтын Орда және Қазақ хандығы заманы.

«Біз қазақ халқының мемлекет болғанын көрсеткіміз келді. Ол XV ғасырға сәйкес келеді. Өйткені, кейбір саясаткерлер бізде мемлекет болған емес, қазақ халқы алғаш мемлекет болып Кеңес Одағы кезінде 1936 жылы құрылды дегенді алға тартады. Ал XVІ ғасырдағы тарихи деректерде қазақ, қазақ мемлекеті деген сөз кездеседі. Қарасаңыз, «қазақ мемлекеті» деген сөз жазылған. Бұл «Мехман Нама Бухара» атты қолжазба», - деді Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының бас сарапшысы Алмат Әбсалықов.

Оның айтуынша, аталған орталықта тарихи қолжазбалармен қатар сирек кездесетін кітаптар да сақтаулы.

«Қолжазбалардың қатарында «Тарих-и Рашиди», «Мехман Нама Бухара», «Тарих Джахон Ара» бар. Ең көне қолжазба ХІ ғасырға тиесілі Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» қолжазбасы. Бізде оның көшірмесі сақталған. Одан бөлек, біздің орталықта Абай Құнанбаев пен Ыбырай Алтынсариннің алғашқы еңбектері сақталған», - дейді ол.

Қолжазбалар көрмесі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр. Шараның ашылу салтанатына еліміздегі Түрікменстан, Өзбекстан және Түркия мелмекетінің елшілері қатысты.

Көрме желтоқсан айының соңына дейін жалғасады.