Оның жұмысына ҚР Мәдениет министрі М. Құл-Мұхаммед, академик С. Қирабаев, ақын Ф. Оңғарсынова, ҚР Парламентінің депутаттары мен ЖОО-ның ректорлары мен профессор-ғалымдары қатысты.
Конференция барысында сөз алған ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтып өткеніндей, Сұлтан Шәрiпұлы Оразалы ұлттық тележурналистиканың алғашқы қарлығашы болды, оның негiзiн қаласқан, әуелгi қиыншылықтарын қара нардай белi қайыспай тартқан жандардың бiрегейi.
«Бір өзі ұлттық теледидардың тұтас мектебін қалыптастырған Сұлтекеңнің үлкен еңбегіне біз басымызды иіп, рахметімізді айтамыз. Сұлтан Оразалы тек қана теледидар саласында қызмет істеп қана қойған жоқ, ол теледраматургияның негізін салған адам», - деді министр.
«Жазғанына қарап отырсақ, Сұлтекең ғылымға да түрен салған адам. Ғабдол Слановтың «Дөң асқанына» кандидаттық диссертация жазды. Докторлық диссертацияға бергісіз дүние жазып, одан тұтас бір зерттеулердің циклін жариялағандығын да біз жақсы білеміз», - деп атап көрсетті М. Құл-Мұхаммед мерейтой иесіне қаратып айтқан сөзінде.
Сұлтан Оразалы 300-ге жуық әдеби сценарий, 20 шақты деректi фильмдердiң және 40 шақты ғылыми-зерттеу мақалалардың авторы. Ол Ғабиден Мұстафин туралы 30 жыл жинаған деректерiн жаңғыртып, фильм түсiрдi. Сондай-ақ оның Салық Зиманов, Ғабиден Мұстафин, Тахауй Ахтанов, Сапар Байжанов, Қуаныш Сұлтанов, Әбіш Кекілбаев және басқа елiне елеулi азаматтар туралы деректi фильмдері қазақ руханиятына қосылған алтын үлес болып қалды. Сонымен қатар С. Оразалы «Сұхбат », «Халық қазынасы », «Шұғыла », «Қымызхана », «Кездесу », «Айтыс » хабарларын алғаш ұйымдастырып, эфирге шығарды.
С. Оразалы ҚР Президентінің «Алтын барыс » белгісінің иегері, ҚР Президенті сыйлығының, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының және Абай атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты.