Елордада Қазақстан-америкалық екінші бизнес форум өтуде
Іс-шараға Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сондай-ақ ауыл шаруашылығы, әділет, ақпарат және коммуникациялар министрліктерінің басшылығы, Қазақстан мен АҚШ-тың 50-ден астам компаниялары, соның ішінде америкалық Жеке шетелдік инвестициялар корпорациясы (OPIC) және Дүниежүзілік банк, Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚДБ) өкілдері қатысты.
Өз сөзінде А.Мамин Мемлекет басшысының АҚШ-қа ағымдағы жылғы қаңтарда жасаған ресми сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысы туралы айтып берді. Сонымен қатар, форумға қатысушылар Қазақстандағы іскерлік ортаны одан әрі жақсартуға бағытталған іс-қимыл, сондай-ақ жаңғырту, әртараптандыру және цифрландыру жөніндегі мақсаттарды орындау барысы туралы егжей-тегжейлі мәлімет алды.
Қазақстанға алғаш рет «Comcast NBC Universal» компаниясының басшылығы келіп, қазақстандық тараппен киноиндустрия және ойын-сауық саласындағы ынтымақтастық туралы келіссөздер жүргізді.
Жалпы, форум 2018 жылдың қаңтарында Мемлекет басшысының АҚШ-қа ресми сапары нәтижесінде қол жеткізілген коммерциялық уағдаластықтардың орындалуын талқылау үшін тиімді алаң болды. Талқылау нәтижесінде келесі 3-ші «Бәсекеге қабілетті Қазақстан» атты бизнес-форумды Қазақстанның сыртқы саясатын экономизациялау аясында 2019 жылы Астанада өткізу ұйғарылды.
Америкалық қатысушыларының форумға келу бағдарламасы АЭФ-2018 жұмысына қатысуды көздейді.