Елордада Қазақстан мен Еуроодақтың Сот әділдігі мен құқық тәртібі жөніндегі кіші комитетінің 9-мәжілісі өтеді

АСТАНА. 8 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 10 қараша елордада Қазақстан мен Еуроодақтың саяси тұрғыда бірлесіп қызмет ету жөніндегі күн тәртібіне сәйкес, Сот әділдігі мен құқық тәртібі жөніндегі кіші комитетінің 9-мәжілісі өтеді. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, кездесу барысында тараптар «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы мен Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы стратегиясы аясында сот билігін қамтамасыз етудегі ынтымақтастық, терроризмге қарсы тұру, адам саудасы, заңсыз көші-қон, сыбайлас жемқорлық пен есірткінің заңсыз айналымымен күрес сияқты кең ауқымды мәселелерді талқылайды.