Елордада «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшісінің тілдік портфелі» жүйесінің тұсаукесер рәсімі өтті

СТАНА. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде Тіл комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы Тілдері дамытудың үйлестіру-әдістемелік республикалық орталығы әзірлеген «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшісінің тілдік портфелі» жүйесінің тұсаукесер рәсімі өтті.

Мемлекеттік тіл саясатының негізгі мақсаттарының бірі қазақ тілін толыққанды тіл ету екендігін атап өткен Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева «бірінші кезекте мемлекеттік тіл - мемлекеттік органдардың тілі болуы керек» деді. Оның пайымдауынша, мемлекеттік тілге үйрету үшін ең маңызды алғы шарттардың бірі тілге үйрету жүйесі, әдістемелік базасы болуы қажет. «Сондықтан Елбасымыз 2008 жылы біздің министрлікке бүгінгі заманға сай инновациялық әдістемелерді жасау және енгізу жөнінде тапсырма берген болатын. Сол тапсырманы жүзеге асыру аясында ауқымды жұмыстар жасалды», деді өз сөзінде жауапты хатшы.

Ж.Құрманғалиеваның айтуынша, осы жүйені әзірлеу үшін Ш.Шаяхметов атындағы Тілдері дамытудың үйлестіру-әдістемелік республикалық орталығына министрлік тарапынан тікелей тапсырма беріліп, соған орай тиісті жұмыс тобы құрылған. Аталған жұмыс тобына елімізге белгілі лингвист ғалымдармен қатар жас мамандар, сондай-ақ мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілге үйретіп жүрген мамандар қатысқан. «Олардың атқарған ауқымды жұмыстарының арқасында бүгін мемлекеттік қызметшінің тілдік портфелінің тұсауын кесіп отырмыз. Бұл бұрын соңды елімізде жасалмаған ауқымды, жүйелі, толыққанды, жан-жақты әдістемелік жүйе. Оның құрамында бүгінгі заманға сай аудио, видео сияқты барлық технологиялармен қамтылған 19 оқу-әдістемелік құрал бар», деді ол.

Жауапты хатшының айтуына қарағанда 1000 данамен жарық көрген бұл жүйе еліміздегі барлық мемлекеттік тілді үйрету орталықтарына, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға тегін таратылмақ. Сонымен қатар жүйе 1 жыл бойы арнайы бейімделу сынағынан өткізілетін болады. Соның нәтижесіне анықталған кемшіліктері, жұмыс істеу барысы, жетілдірілетін тұстары анықталмақ. «Сынақ мерзімі аяқталғаннан кейін пайдаланушы өз пікірлері мен ұсыныстарын жүйені әзірлеген орталыққа жібереді. Содан кейін 1 жылдың ішінде аталған жүйені одан әрі жетілдіріп, өте көлемді данамен шығарып, бүкіл сұранысы бар ұйымдарға тарататын боламыз», деді Ж.Құрманғалиева.