Елордада «Қазақстан Республикасы» сериясымен шыққан көптомдықтың алғашқы 14 кітабының ресми тұсаукесері өтеді

АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат - Ертең ҚР Президенттік мәдениет орталығында «Қазақстан Республикасы» тарихи дерекнамалық көптомдығының алғашқы 14 кітабының ресми тұсаукесер рәсімі өтеді.

Бұл ақпаратты аталған орталықтың баспасөз қызметі таратып отыр.

«Елімізде деректану ғылымының қалыптасып, дамымағандығының салдарынан ата тарихымыз негізінен аңыздарға, шежірелерге, батыстың кейбір күмәнді деректеріне сүйеніп жазылып келеді. Сондықтан нақты, тұтас тарихымыз жазыла да қойған жоқ. Мұның негізгі себебі - елімізде деректану ғылымының қалыптасып дамымағандығынан. Осы олқылықтың орнын толтыру әрі ҚР мемлекеттілігінің тарихын дәл, анық жазу мақсатында Президенттік мәдениет орталығы соңғы екі жылда Елбасының мақұлдауымен «Қазақстан Республикасы. Тәуелсіздік шежіресі» атты көптомдық дерекнамалық серияны жариялай бастады. Мұнда Қазақстан Республикасының 1991 жылғы тәуелсіздік алғалы бергі қабылданған ресми құжаттары мен шешімдері рет-ретімен беріліп, «Тәуелсіздік шежіресі», «Елмен сырласу», «Елбасы жолдады - елі қолдады», «Әлем Қазақстан туралы», «Әлем Президент тура­лы» деген атпен үздіксіз жалғаса бермекші», делінген баспасөз баянында.

Бұл серияның бүгінде алғашқы 14 томы жарық көрді. Президенттік мәдениет орталығының «Қазақстан Республикасы мемлекеттілігі және Президенттік институтын зерттеу» ғылыми зертхана қызметкерлері биылғы жылы тағы 17 том еңбекті дайындау үстінде. Осылайша тәуелсіз Қазақстан Республикасының шынайы тарихына айналатын теңдессіз жобаның 2015 жылға дейін 138 томын шығару жоспарланған.

Бұл еңбек - мемлекеттік қызметкерлерге, саясаткерлерге, ғалымдарға, студенттерге, мектеп оқушыларына, тәуелсіз Отан тарихына қызығушыларға, қоғамдық ұйымдарға, Қазақстанды білемін деушілерге өте қажет, ұрпақты отаншылдыққа баулыйтын және ешқашан аяқталмайтын, үнемі үздіксіз жалғаса беретін серия болады; Қазақстан Республикасының шынайы шежіресіне, келешекте өз алдына дербес кітапханаға айналады.

Іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігі, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісі, Мәдениет министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Байланыс және ақпарат министрлігі өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, «Нұр Отан» ХДП орталық аппаратының өкілдері сияқты қонақтар шақырылған.