Елордада «Қазақстан Республикасы: тарихи даму тәжірибесі және тағылымы» атты форум өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Білім басқармасы 28 қаңтарда ҚазГЗУ гуманитарлық заң колледжінің базасында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қазақстан Республикасы: тарихи даму тәжірибесі және тағылымы» атты форум ұйымдастырады. Шара елорданың кәсіптік техникалық білім беру мекемелерінің тарих, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық және құқықтық пәндер оқытушылары арасында өткізіледі, деп хабарлады қалалық білім басқармасынан.

Форумның мақсаты - Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің қалыптасу, даму кезеңдерін жоғарғы оқу орындарының, колледж бен мектеп оқытушылары арасында ғылыми-зерттеу әлеуетін тереңдете отырып тарату, білім беру ұйымдарының тарих, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық және құқықтық пәндер оқытушыларының білім беру тәсілі саласындағы тәжірибе алмасу.
Алқалы жиынға ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкерлері, ҚР Тұңғыш Президенті және Ұлттық мұражайларының қызметкерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, Ұлттық кітапхананың, «Қазақстан картасы «Атамекен» этномемориалдық кешенінің қызметкерлері қатысқалы отыр.
Форумда қазіргі қазақстандық қоғамның жетістіктері мен болашақтағы даму жолы, Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық негіздері, Ұлт көшбасшысының Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуы мен нығаюы жолындағы тарихи рөлі, Қазақстан халқы Ассамблеясы және қазақстандық бірлік, толеранттылық моделін қалыптастыру үлгісі, қазіргі қоғамдағы білім беру ұйымдарында тарих, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық және құқықтық пәндерді оқыту ерекшеліктері мен инновациялық тәсілдері және т.б. мәселелер талқыланады.
Форум жұмысының қорытындысы ретінде: ұсыныс дайындау және «Қазақстан Республикасы: тарихи даму тәжірибесі және тағылымы» атты Астана қаласы кәсіптік техникалық білім беру мекемелерінің тарих, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық және құқықтық пәндер оқытушыларының ғылыми-тәжірибелікмақалалар жинағын жариялау, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған шығармашылық жұмыстарды марапаттау көзделген.