Елордада Қазақстан шеберлері қолөнер бұйымдарының көрмесі өтеді

АСТАНА. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат – Наурыздың 22-сінде ҚР Президенттік мәдениет орталығының ұйымдастыруымен аталмыш орталықтың көрме залында Қазақстан шеберлері қолөнер бұйымдарының «Күміс сыңғыры» атты көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ұйымдастырушыларға сілтеме жасап.Аталмыш шараның мақсаты қазақ халқының ұлттық зергерлік өнері мен қолөнерін елорда тұрғындары мен қонақтарына кеңінен таныстыру және халықтың мәдениеті мен өнерін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін насихаттау, Қазақстанның қолөнер шеберлерінің туындылары арқылы қолданбалы-сәндік өнердің қазіргі кездегі даму деңгейін көрсету, қоғамдық санадағы рухани-эстетикалық мәдениетті қалыптастыру болып табылады. Көрмеге алыс және жақын шетелдерде ұлттық өнер туындыларын насихаттап жүрген Қазақстанның белгілі шеберлері қатысады. Олар ? қазақ классикалық қолөнерінің шебері, ҚР еңбегі сіңген қайраткер Берік Әлібай, ҚР Суретшілер одағының мүшелері Амангелді Мұқажанов, Сержан Баширов, Серік Қалтайұлы және тағы басқалар.Көрмені белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Президенттік мәдениет орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков ашады. Ұлыстың ұлы күні ұйымдастырылып отырған бұл шараға Қазақстандағы Америка, Бразилия, Ресей, Жапония, Корея, Украина, Беларус, Венгрия, Үндістан, Әзірбайжан, Армения, Қырғызстан елшіліктерінен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінен арнайы өкілдер, қоғам және мәдениет қайраткерлері, республикалық БАҚ өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары шақырылып отыр. Қазақстан шеберлері қолөнер бұйымдарының «Күміс сыңғыры» атты көрмесі үстіміздегі жылғы наурыздың 28-іне дейін жалғасады.