Елордада «Қазақстандық қамту-2011» форумы өтеді

АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат / - 2011 жылдың 26-27 мамыр күндері Астана қаласында «Қазақстандық қамту-2011» қазақстандық қамту мәселелері бойынша форум мен көрме өтеді.

Екінші рет өткелі отырған шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі, сондай-ақ, бірқатар министрліктер мен мемлекеттік органдардың басшылары, ірі жер қойнауын пайдаланушы компаниялар, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ», ұлттық компаниялар мен холдингтер, жүйеқұрушы кәсіпорындар, салалық және кәсіпкерлік қауымдастықтар қатысады деп күтілуде. «Сонымен қатар, Форум жұмысына жергілікті қамтуды дамытуда бай тәжірибесі бар Нигерия, Бразилия, Малайзия, Оңтүстік Корея, Норвегия және Англия секілді елдердің шетелдік делегациялары қатысады деп жоспарланып отыр. Көрмеде тауарлардың қазақстандық өндіруші компанияларына және шағын орта бизнес өкілдеріне арналған 120 стенділер орналастыру көзделуде. «Қазақстандық қамту-2011» көрмесіне қатысушылар мен келушілердің ерекше қызығушылығын озық жаңа технологияларды қолдана отырып, ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да сұранысқа ие бірегей өнім шығаратын инновациялық кәсіпорындар туғызады», - делінген баспасөз айғағында.

Шараны ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен ҚР «Жергілікті қамтуды дамытудың Ұлттық агенттігі «NADLoC» АҚ ұйымдастырады.