Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы Қазақтың М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында жарты ғасырдан астам уақыт қызмет етіп, ұлттық драматургия мен дүниежүзілік классикадан сан қырлы 100-ден астам рөлді сомдады. З.Шәріпова жасаған сан қилы сахналық бейнелердің ішінде ерекше тұлғаланғаны - М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясындағы Қарагөз бейнесі. Бұл бейне актриса шығармашылығының ең жарқын кезеңі болды, оның талантының лирика-драмалық қырын мейлінше ашты. Трагедиялық актриса ретінде де мүмкіндігі мол екенін танытқан рөлдерінің ішінде ерекшесі С.Жүнісовтің «Ажар мен ажалындағы» Ажар болды.
Ұлттық кино саласында да өз шығармашылық қолтаңбасымен танымал өнер қайраткерінің фильмдерде сомдаған және дубляжда сөйлеткен кейіпкерлері, радиоқойылымдарда орындаған шығармалары өнер сүйер қауымның әрдайым есінде.
Кеште мерейтой иесі театр сахнасында сомдаған кейіпкерлерінің монологтарын, сүйікті ақындарының өлеңдерін орындап, көрермендер назарына ол түскен көркем фильмдерден үзінді ұсынылады.
Мәдени шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай қатысады деп күтілуде.