Елімізде өнердің дамуында көпұлтты фактордың болуының басты нәтижесі - Қазақстан мәдениетінің көркемдік, стильдік, рухани әр алуандығын достық қабылдау мен ішкі түсіністіктің болуы.
«Қазақстанның көпұлтты палитрасы» көрмесі Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орайластырылған. Ұлтаралық толеранттылық пен қоғамдық келісім - бұл кез-келген мемлекеттің саяси өміріндегі ең өзекті тақырыптардың бірі.
Көрменің негізгі идеясы - ұлттардың татулығын, Қазақстанда тұратын халықтардың бейбітшілігі мен келісімін бейнелеу өнері арқылы насихаттау. Экспозиция еліміздегі бейнелеу өнерінің хронологиясына сәйкес, әр ұлт өкілінен шыққан суретшілердің шығармаларынан негізін қалаушылардан бастап қазіргі заманғы суретшілерге дейін қойылды.
Бүгінгі таңда бейнелеу өнері елімізде өзіндік қолтаңбасы, көркемдік ерекшеліктері, даму кезеңдері, қазіргі заман өнеріне қосатын қайталанбас үлесі бар көркемдік мектеп болып қалыптасты.
Ұлттық көрмеде 36 суретшінің 40-тан астам еңбегі көпшілік назарына ұсынылған.
Ұлттық экспозицияға қатысушы суретшілердің бірі Ачилов Исмаил 5-сыныптан бастап сурет салады. Ол кезде ауылды жерде тұрғандықтан тиісті оқулықтар болмады, әлеуетін іске асырудың жалғыз жолы кітаптардағы суреттерді көшіріп салу еді. Исмаил Ачилов хирург, математик болуды армандады. Дегенмен, Ташкент училищесіне түсіп, бейнелеу өнері және көркемсурет факультетін таңдады. Бүгінде суретші Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде дәріс береді. Исмаил Ачилов «Қазақстанның көпұлтты палитрасы» көрмесінің маңыздылығы туралы айтып берді:
- Бұл жастарды тәрбиелеуге көмектеседі. Жастар Қазақстандай бейбітшілік пен тыныштық орнаған елде білім алғысы келеді. Еңбек етсең міндетті түрде көзге түсесің.
Көрмеде суреті қойылған тағы бір суретші - Гүлмира Телғозиева.
- Бұл қарапайым болып көрінер, бірақ мен бала кезімнен сурет салып келемін. Суретші болатынымды біліп жүрдім.
Суретшінің картиналары барша әлем бойынша галереяларда келушілер назарына ұсынылған, шетелде сұранысқа ие. Бүгінгі күні Гүлмира Телғозиева елордалық Оқушылар сарайында көркемсуреттен сабақ береді.
- Біздің бірлігіміз бен қонақжайлылығымыздың түп тамыры берекелі жерімізде жатыр. Қазақстан жерінде бағзы заманнан бері бейбітшілік орнаған. Менталитетімізде қатыгездік деген жоқ, достық пен татулыққа жақынбыз. Мен әрбір үйге бейбітшілік пен бақыт, сіздерге және жақындарыңызға денсаулық тілеймін. Барлығы жақсы болсын.
Агротехникалық университетте өнерден сабақ беретін суретші Виктор Кельдің картиналары да «Қазақстанның көпұлтты палитрасы» көрмесіне қойылған.
Қазақ халық өнері әлем мәдениетінің жауһарлары мен өткен және осы ғасырдың көркемдік инновацияларын игеру кезінде түрлі кезеңдерден өтті. Бұдан бөлек, Қазақстанның бейнелеу өнері көпұлттылығымен ерекшеленеді. Көрме қоғамның бірлігі мен оның бейнелеу өнеріне әсерін насихаттауға бағытталған.
Көрмеге қазақ қоғамының бірлігі тақырыбын терең ашатын ең маңызды, құнды өнер туындылары шығарылды. «Астана» галереясы келем деушілерді күн сайын сағат 10.00-16.00 аралығында «Қазақстанның көпұлтты палитрасы» көрмесіне шақырады.