Елордада қазақтың марқасқа ұлы Мұстафаны еске алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Спорт пен өнердегі жетістіктері арқылы әлемге танылған Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдығы Астана төрінде атап өтілді.

Елордадағы Назарбаев орталығында өткен «Қазақстан-Түркия достық кеші» атты концерт Мұстафа туралы деректі фильмнен басталды.

Бейнекөріністерде Мұстафаның ата-бабалары, өскен ортасы жөнінде айтылады, оның кино өнеріндегі табыстары, Түркиядағы спорттық жолы, Қазақстанға келіп, елімізде таэквондо мектебінің негізін қалағаны жөнінде баяндалады.

Өнер кешіне жиналғандар алдында Мирмар-Синан көркемөнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қара кіріспе сөз сөйлеп, Түркиядағы бауырлардың ыстық сәлемін жеткізді. «Бізге Қазақстаннан өнер ұжымдары келіп, концерт қойып жүр. Ал түркиялық қазақтардың атажұртына арнайы шақырылып, өздерінің әндері мен күйлерін орындауы алғаш рет болып отыр. Мәдени шараны жоғары деңгейде өткізуге қолдау жасаған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мырзаға үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Сондай-ақ Түркия қазақтарының күйлерін зерттеп, Қазақстанға жеткізуде және осындай достық концертін ұйымдастыруда Мәдениет қайраткері, сазгер Нұрлан Бекеновтің еңбегі зор»,- деді Әбдіуақап Қара мырза.

Өнер кешінде шырқалған әндер мен орындалған күйлерді Астана қаласы мемлекеттік филармониясының Қазақ халық аспаптары оркестрі сүйемелдеп отырды.

Нұрлан Бекеновтің дирижерлік жасауымен оркестр «Телкүрең аттың жүрісі» деген және басқа халық күйлерін, Міржақып Дулатовтың «Әуез» күйін орындады.

Қиын-қыстау кезеңде еліміздің шығыс өңірінен Қытай, Үндістан арқылы Түркияға барған өнер иесі Сармолланың көптеген кұйлері сақталған екен. Соның бірі «Жорға аю» күйін көрермендер оркестрдің орындауында тыңдады.

Осы концертке арнайы шақырылған Түркиядағы қазақ қоғамының мәдениет бөлімінің меңгерушісі Бешір Ахмет Көсе, сондай-ақ өнер иелері Седат Солақұлы, Ержан Тұнжер атажұртқа деген ыстық сәлемдерін әсерлі әндерімен жеткізді. Седат Солақұлы халық күйі «Қара жорғаны», Нұрғиса Тілендиевтің «»Әлқиссасын» домбырамен орындап, көрермендердің ықыласына бөленді. Ал Бешір мен Ержан түркиялық қазақтардың, оның ішінде Мұстафа Өзтүріктің сүйіп тыңдайтын «Сағындым», «Сізді қалай ұмытайын» деген лирикалық әрі ойнақы әндерді нақышына келтіре орындағанда, тыңдарман қауым қол соғып, қошемет көрсетіп отырды. Содан кейін Бешір мен Ержан «Атажұртым - Қазақстан» атты жаңадан туған әнді алғаш рет орындап берді.

Бұл концертте Мұстафа Өзтүріктің сөзіне жазылған Ғани Макиннің «Жұлдыздарды тілейсің бе?» атты әнін республикалық конкурстардың лауреаты, әнші Нұрай Танабаев шырқады. «Шымырлап бойға жайылған» әннің ырғағы көрермендердің жүрек қылын шертіп, жан тебіренісіне бөледі.

Екі елдің достығын паш еткен концертте сонымен қатар отандастарымыз ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор, домбырашы Орынбай Дүйсен күй шертсе, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Гүлзира Бөкейхан «Ағажай-Алтай» әнін орындады. Сондай-ақ халықаралық байқаулардың лауреаты Жанар Жүсіпова халық күйі «Ертіс толқынын» қобыз сазымен жеткізе білсе, республикалық конкурстардың лауреаты, белгілі әнші Зағипа Иманғазы сахна төріне Түркия қазақтарының «Ескі достар» әнімен шықты. Әнші Данияр Мұқанның орындауында «Исаның желдірмесі» сәтті шықты.

Әлемге әйгілі спорт шебері, Қазақстанда таэквондо мектебінің негізін қалаушы Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдық мерейтойына арналған концерт барысында қазақтың жас қыран таэквондошылары да өнер көрсетті. Кезінде Мұстафа Өзтүрік негізін қалаған Алматыдағы таэквондо мектебіне Қайрат Қырғызбаев жетекшілік етсе, Атыраудағы мектепке Қабибек Мұхитов басшылық жасайды. Осы азаматтардың шәкірттері ел алдына шығып, «Мұстафа!» деп ұрандап, шығыс жекпе-жегінің керемет үлгілерін көрсетті.