Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, 2009 жылы «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің шешімімен көкөніс қоймаларының желісін құру бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру қажеттілігінің негіздемесі бекітілген. Аталмыш шараның операторы «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғам болған. Көкөніс қоймаларын тұрғызу және жаңарту бойынша жобалар жылдық 6 пайыз мөлшерлеме негізінде, 8 жылға дейінгі қаржыландыру мерзімімен және 2 жыл негізгі борышты өтеу бойынша жеңілдікті кезеңмен қаржыландырылады.
Астана қаласының төңірегінде азық-түлік белдеуін құру шеңберінде холдинг астанамызда орналасқан екі көкөніс қоймасының құрылысын қаржыландырды. Ол - 2009 жылы іске қосылған сыйымдылығы 2400 тонна «Компания АйсФуд Астана» ЖШС қоймасы. Бұл әмбебап қойма болып табылады және онда тек көкөністерді ғана емес, сонымен бірге басқа да өнімдерді сақтауға болады.