Елордада қазанның 1-інен бастап ЖРВИ-ге шалдығушылар санының өсуі байқалады

АСТАНА. Қазанның 26-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елордада қазанның 1-інен бастап жедел респираторлық-вирустық инфекцияларға (ЖРВИ) шалдығушылар санының өсуі байқалады.

Бұл туралы бүгін Астана әкімдігінде өткен дөңгелек үстел барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық комитеті Астана қалалық департаменті директорының орынбасары Сарқыт Бисенова мәлім етті.

«Қазан айының басынан бері елордада ЖРВИ-ге шалдығудың 6759 оқиғасы тіркелді. Жалпы сырқаттанғандардағы 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі 75,4 пайызды (5099 оқиға) құрайды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылардың саны 1,3 пайызға төмендеуі, ал 14 жасқа дейінгі балалардың ЖРВИ-мен ауырғандарының саны 16 пайызға өскендігі байқалады. 259 адам ауруханаға жатқызылды. Ағымдағы кезеңде тұмауға шалдыққандар тіркелген жоқ», - деді ол.

Оның атап өтуінше, көрші елдерде вирустық инфекцияның маусымдық өсімі байқалуда. Мәселен, Ресейдің 21 субъектісінде, Украинаның кейбір облыстарында сырқаттанушылардың өсіп отырғандығы байқалуда. «Осыған орай аурудың одан әрі өршуіне жол бермеу үшін дайын болуымыз керек», -дейді С.Бейсенова.

Сондай-ақ ДДҰ-ның А(Н1N1) пандемиялық тұмауының таралу қаупінің 6-шы фазасы аяқталды деген дереке сүйенген ол: «Дегенмен Қазақстанда 2010-2011 жылдардағы маусымда тұмаулық емес респираторлық вирустар таралып, А Н1N1 вирустық тұмауы жандана түседі және В вирусты тұмауы айналымда болады деп болжануда», - деді.