Елордада қазанның 12-сі мен 16-сы аралығында «Сабақ» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде

АСТАНА. Қазанның 13-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елордада қазанның 12-сі мен 16-сы аралығында білім алудан жалтарған, сонымен қатар білім органдарының тізімінде тіркелмеген кәмелетке толмағандарды анықтау мақсатында «Сабақ» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде.

 Бұл жайында бүгін қалалық ІІД-де өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

  Астана қалалық ІІД Жасөспірімдер ісі жөніндегі испекцияның бастығы Гүлнәр Өміршенованың айтуынша,  іс-шара барысында негізінен алкогольді ішімдікке үйір және нашақорлыққа бейім жасөспірімдер назарға алынып, оларды құқық бұзуға итермелейтін үлкендерді жауапкершілікке тарту көзделген. Сондай-ақ кәмелетке толмаған жасөспірімдерге темекі мен алкоголь өнімдерін сатушыларға да шара қолдану қарастырылған.

  «Осы іс-шараның бір күндік қорытындысында кәмелетке толмағандар ісімен айналысатын бөлімнің есебінде тіркелген 146 жасөспірімнің тұрғылықты жері тексерілді. 37 көңіл-көтеру орны, оның ішінде  26 компьютер клубына рейд жасалды. Бір күннің ішінде ішкі істер органына 50 жасөспірім жеткізілсе, оның 30-ы әкімшілік құқық бұзғаны үшін қолға түсті», дейді Г.Өміршенова.

  Оның сөзіне қарағанда, түнгі уақытта кәмелетке толмаған балаларды көңіл көтеру орындарына кіргізгені немесе жібергені үшін 5 компьютер клубының иесі және түнгі 10-нан кейін баласы көңіл көтеру орындарында болған 8 ата-ана  жауапкершілікке тартылған.