деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараға АҚШ, Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Үндістан, Украина елдерінің және Қазақстанның барлық өңірлерінен мұражай қауымдастықтарының өкілдері қатысуда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, конференцияда қазіргі заманда мұражайларды дамыту мәселелері, олардың ғылыми және ағартушылық әлеуеттері, тәжірибеге интерактивті және ақпараттық технолгияларды енгізу, мұражай педагогикасындағы жағдай мен қызмет көрсету сапасы сөз болады.
«Бүгінгі уақыт мұражай қауымдастығынан үлкен істердің атқарылуын, яғни мәдениет ошақтарының қызметіне жаңашылдықты, серпінділікті дарытуды талап етуде. Шараның басты мақсаты мұражайлар арасында, ғылыми орталықтар арасында коммуникация, тығыз байланыс орнату, академиялық және мұражай қауымдастықтарын біріктіру», деді Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайы директоры Алма Сағынғали.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Асқар Бөрібаев, мұражай ісінің дамуы бүкіл мемлекеттің мәдени, рухани қалыптасуында маңызды рөл атқаратындығын айта келе, елдегі мұражайлардың ғылыми-қолданбалы зерттеулер жасап, шетелдік әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнатып жатқандықтарын атап көрсетті.
Конференцияны Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайы, «Нұр Отан» ХДП-нің және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры ұйымдастырды.