Елордада «KAZMEAT&MILK 2010» I-ші халықаралық мал шаруашылығы форумы өтеді

АСТАНА. Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат - Шілденің 30-ында сағат 9.00-де Астана қаласындағы Rixos Hotel қонақүйінің «Жерұйық» залында Қазақстанның, Ресейдің, Беларус Республикасының,

Еуропа мен Канаданың ет және сүт өндірушілерінің қатысуымен «KAZMEAT&MILK 2010» I-ші халықаралық мал шаруашылығы форумы өтеді

Аталмыш іс-шараға ресми қолдауды Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі жасады, деп хабарлайды ҚР АШМ баспасөз қызметі.

Форумның жұмысына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, Өндірушілер қауымдастығының басшылары, мал шаруашылығы саласының отандық және шетелдік озық сарапшылары, мал өнімдерін өндірушілер мен қайта өңдеушілер, сонымен қатар, Қазақстанның іскер орта өкілдері қатысады.

Қатысушылар Форум барысында сала дамуының мынадай өзекті мәселелерін, атап айтқанда, мал өнімдерін өндіретін кәсіпорындардың тиімділігін арттыру, отандық селекцияны дамыту, мал шаруашылығының жемшөп базасын нығайту, мал өнімдерінің сапасын арттыру мәселелері туралы сөз қозғайды.