Елордада кезекті рет «Соғым-FEST» ет жәрмеңкесі өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада 13-14 желтоқсан күндері кезекті «Соғым-FEST» ет жәрмеңкесі өтеді. Іс-шараға Ақмола, Абай, Қарағанды, Түркістан және Павлодар облыстарының фермерлері қатысады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жәрмеңке «Keryen Joly» сауда орталығының автотұрақ аумағында (Алаш тас жолы, 35Б) ұйымдастырылады. Сондай-ақ осы күндері сауда орталығында қала тұрғындары асыға күткен дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі де өтеді. Мұнда жергілікті фермерлер мен Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген өндірушілердің өнімдері ұсынылады.
Қала тұрғындары мен қонақтары көкөніс пен жеміс-жидек, ет, ұн және сүт өнімдері, бәліштер, табиғи шырындар, тосаптар, джемдер және басқа да тауарларды қолжетімді бағада сатып ала алады.
Жәрмеңкелер әр демалыс күні таңғы 10:00-ден кешкі 19:00-ге дейін өткізіледі.
Келушілердің ыңғайлылығы үшін жәрмеңке аумағына жақын маңнан № 7, 11, 39, 41, 45, 53, 59, 81, 307 және 317 автобустар қатынайды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, елордада 6-7 желтоқсан күндері Ақмола, Абай, Қарағанды, Түркістан және Павлодар облыстарының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің қатысуымен кезекті «Соғым-FEST» ет жәрмеңкесі өтті.