Жоғарыда айтылғандарды, сондай-ақ соңғы 2 аптада инфекциялық ауруханалардың жүктемесін және тұрғындардың індетке қатысты медициналық көмекке жүгінуі бойынша біршама оң үрдісті ескере отырып, қаладағы кейбір жекелеген қызмет түрлерінің жұмыс режимдерін қайта қарау туралы шешім қабылданды.
Осы орайда қоғамдық көлік жұмысына қарбалас сағаттарда автобустар санының артуына байланысты соңғы аялдамада дезинфекциялық құралдармен салонда тазалық жұмыстарын жүргізу ескерілген. Сонымен қатар автобустың барлық есіктерін ашу, жолаушылар үшін санитайзер орнату, әлеуметтік арақашықтықты міндетті түрде сақтау, маска тағу режимін орындау талаптары қойылған. Жұмыс, демалыс әрі мереке күндері сағат 6:00-дан 23:00-ге дейін жұмыс кестесі белгіленді.
Бұдан бөлек, 26 желтоқсаннан бастап орындар санын 30 пайыздан асырмай, көрермендерді екі орын сайын және қатар бойынша шахмат тәртібімен отырғызу арқылы, күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, кинотеатрлардың жұмысына рұқсат етіледі. Кинотеатрлар жұмыс, демалыс және мереке күндері сағат 10:00-ден 24:00-ге дейін жұмыс істейді. Егер карантин және шектеу іс-шараларын бұзу фактісі анықталса, кинотеатрлардың жұмысы тоқтатылады.
Оның айтуынша, мейрамханаларда, дәмханаларда, барларда, асханаларда үлкен кезектер туындауына жол бермеуді ескеріп, жұмыс және демалыс күндері қызмет кестесі сағат 7:00-ден сағат 24:00-ге дейін белгіленіп отыр.
Бұл ретте ғимарат ішінде 30 орыннан артық болмауы, санитарлық-эпидемиологиялық, санитарлық-профилактикалық шаралардың сақталуы, үстелдер арасында кемінде 2 метр әлеуметтік арақашықтық сақталуы, әр үстелге 4-6 адамнан артық отырғызылмауы керек. Бұл қаулы тұрғын үйлерде орналасқан нысандарға қатысты емес. Олардың жұмыс уақыты - сағат 22:00-ге дейін.
Ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде салтанатты жиындарды, банкеттерді, үйлену тойларын, мерейтойларды өткізуге тыйым салынды.
Айтпақшы, елордада сауда ауданы 2 мың шаршы метрден асатын гипермаркеттер мен супермаркеттердің қалыпты жұмыс кестесіне көшуіне рұқсат етілді. Бұл тұрғыда келушілер саны 30 пайыздан аспауы керек. Жер-жерлерде нысандардың басшылары жұмысты санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтай отырып ұйымдастыруы тиіс.
«Сауда, ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері үшін жұмыс күндері қызмет ету режимі сағат 10:00-ден 23:00-ге дейін, ал сенбі және мереке күндері сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін белгіленді. Яғни, жексенбі күні олардың жұмысына тыйым салынады. Бұл нысандардың ішіндегі дәріханалар, азық түлік сататын мини-маркеттер, гипермаркеттер мен супермаркеттер жұмысын жалғастырады. Атап айтқанда мереке күндері сауда ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері жұмыс істейтін болады», - деді Жанна Пірәлиева.
Сонымен қатар ол Аяз ата мен Ақшақарды үйге шақырмауға кеңес берді.
«Қазіргі кезде жаңажылдық іс-шараларға кейіпкерлерді үйге шақыртқан дұрыс емес. Себебі Аяз ата, Ақшақар немесе өзге де кейіпкерлер бір күнде бірқатар нысанды аралап шығады. Олар індеттің сипмтомсыз формасындағы науқастар бар үйлерге де баруы мүмкін. Сондықтан бұл жағдай отбасы мүшелеріне қауіп төндіруі ықтимал. Осы орайда аталған кейіпкерлерде үйге шақыртудан тоқтатқан жөн», - деді Ж. Пірәлиева.
Оқушылар үшінші тоқсанды қалай өткізеді
«11 қаңтардан бастап оқу жылының үшінші тоқсаны басталады. 1-5 сынып оқушылары кезекші сыныптар режимінде оқуларын жалғастырады.
Бұған қоса, III тоқсанда бітіруші 9 және 11 (12) сынып оқушылары аралас форматта 15 адамнан аспайтын кезекші сыныптар режимінде оқуды бастайды. Оффлайн өтетін сабақ кестесіне: орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілі мен әдебиеті, шет тілі, алгебра, геометрия, физика, химия, биология, география, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы кіреді. Бұл оқыту пәндерінің 70% -ын құрайды», - деді Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова әкімдікте өткен брифингіде.
Сондай-ақ пәндердің 30%-ы қашықтан оқытылады. Атап өтетін болсам: информатика, өзін – өзі тану, дене шынықтыру, құқық негізі, алғашқы әскери технологиялық дайындық пәндері қашықтан оқытылады.
Ал вариативті компоненттің пәндері кестеге сәйкес асинхронды түрде жүргізіледі.
Айта кетейік, қалада 9 сыныпта 13 215 оқушы оқыса, 7567 бала 11 сыныпта білім алып жатыр. Мектептерде икемді сабақ кестелері жасалып, сабақтар арасындағы үзілістер әр сынып үшін әр түрлі уақытта ұйымдастырылады. Сабақ уақыты 30 минуттан аспайды, үзіліс 5 минуттан.
Сабақ кестесін құру кезінде жоғары сынып оқушыларының жас ерекшеліктері, олардың қабілеттері мен қажеттіліктері, сондай-ақ 11-сынып оқушыларының жаңартылған білім беру мазмұнына көшуі және кіріктірілген сабақтарды өткізу мүмкіндігі ескеріледі.
Кәсіптік және техникалық білім беру
«Екінші семестрден бастап кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарындағы 1 курстың 8223 студенті аралас форматта оқиды. Яғни, пәндердің 70%-ы штаттық режимде, 30%-ы қашықтық режимде өтеді. Колледждердің 100%-ы білім берудің ақпараттық ресурстарында жұмыс істейді»,- деді Ш. Қадырова
Штаттық режимде оқыту 15 студенттен аспайтын шағын топтарда жүргізіледі (аудиторияның толтырылуы 50% - дан аспайды). Штаттық режимде практикалық және зертханалық сабақтар (физика, химия, математика және т.б.), қашықтан оқыту режимінде - тарих, қазақ, орыс және ағылшын тілдері, өзін-өзі тану, мәдениеттану, әлеуметтану және басқа пәндер бойынша дәріс сабақтары өткізіледі.
Өндірістік оқыту және кәсіптік практика, зертханалық жұмыстар және практикалық сабақтар толық немесе ішінара кәсіпорындар базасында немесе техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында (мамандықтардың ерекшелігіне байланысты) шағын топтарда қашықтықты сақтай отырып жүргізіледі.
Аралас форматта оқытуды ұйымдастыру кезінде:
1) аудиториялық дәрістердің кестесі олардың басталу және аяқталу уақыты көрсетіліп жеке жасалады;
2) аудиториядағы дәрістер кемінде 1,5 метр қашықтықты және бетперде режимін сақтай отырып жүргізіледі;
3) сабақтар арасындағы үзіліс әрбір топ үшін жеке ұйымдастырылады;
4) кітап үлестіру жөніндегі жұмысты қоспағанда, кітапханалардағы оқу залдары жабылады;
5) санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау туралы студенттерге, педагогтарға, өндірістік оқыту шеберлеріне, ата-аналарға нұсқаулық жүргізіледі;
6) медицина қызметкері күн сайын студенттер мен басқа да қызметкерлердің денсаулығына бақылау жүргізеді.
Студенттерді жатақханада орынмен қамтамасыз ету - қаладағы 2 693 орынға арналған 15 жатақхана есебінен шешіледі.
Бүгінгі күні барлық жатақханадан орынға мұқтаж мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқып жатқан 1281 студент жатақханамен қамтамасыз етілген.