Елордада қысқа дайындықпен қатар, коммуналдық қызметкерлерге қамқорлық күшейтілді

АСТАНА. KAZINFORM — «Жұмысшы мамандықтары» жылы елорда тазалық қызметінде жаңа әлеуметтік бастамалар іске асты. Жол жұмысшыларына жаңа демалыс орындары мен баспана берілді.

Фото: Астана әкімдігі

Қарлы боран мен сақылдаған аязымен танымал сарыарқа қысы коммуналдық қызметке ауыр түсері анық. Сондықтан күн сайын қала тазалығын қамтамасыз ететін еңбеккерлерге жағдай жасау «Астана Тазалық» кәсіпорнының басым бағыты саналады.

Мекеме жетекшісі Замир Сагинов тазалық қызметкерлерінің жауапты жұмысын жоғары бағалайтынын жеткізді.

Фото: Астана Тазалық

— Қаланың тазалығы мен қауіпсіздігі осы мамандардың күн сайынғы маңдай терімен тікелей байланысты. Олар ең алдымен желіге шығып, елорда тұрғындарының жайлы өмірі үшін еңбек етеді, — деді ол. 

Соңғы бір жыл ішінде «Астана Тазалық» қызметкерлердің әлеуметтік қолдауын күшейтуге бағытталған бірнеше кешенді шараларды жүзеге асырды.

Жаңартылған демалыс және тұрмыстық бөлмелер

Өткен жылы «Астана Тазалық» кәсіпорны жол жұмысшыларына арналған демалыс пен тұрмыстық бөлмелерді күрделі жөндеуден өткізді. Аталған жоба Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен іске асырылып, қызметкерлердің күнделікті еңбек жағдайын едәуір жақсартуға мүмкіндік берді.

Фото: Астана Тазалық

Кәсіпорын Есіл және Нұра аудандарында орналасқан жалпы аумағы 1000 шаршы метрге жуық 10 бөлмені жаңартып, толыққанды тұрмыстық инфрақұрылым қалыптастырды.

Фото: Астана Тазалық

Бұрын жұмысшылар тар әрі қолайсыз жертөле типтес бөлмелерді пайдалануға мәжбүр болса, бүгінде 200-ден астам жол қызметкері жарық, кең, заманауи демалыс орындарын күнделікті қолдана алады.

Фото: Астана Тазалық

Бұл бөлмелер жұмысшылардың жылынып, тынығып, келесі ауысымға дайындалуына арналған барлық жағдаймен жабдықталған.

Қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету

Әлеуметтік қолдау шараларының маңызды бағытының бірі — қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету. Осыған орайда кәсіпорын бірқатар нақты жобаларды іске асырып, 10 бір бөлмелі және екі бөлмелі қызметтік пәтерді, сондай-ақ 80 орындық жатақхананы пайдалануға берді. Бүгінде алғашқы жеті қызметкер жаңа пәтердің кілтін алып, қоныстойын тойлап жатыр.

Фото: Астана Тазалық

Жаңа баспананың игілігін көріп отырғандардың қатарында — кәсіпорында бес жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан арнайы техника жүргізушісі Бақытжан Абдуалиев бар. Оның ұлы мен бауыры да «Астана Тазалық» құрамында қызмет етеді, яғни бұл отбасының бірнеше мүшесі қаланың тазалығы үшін күн сайын еңбек етеді. Компания тек тәжірибелі мамандарды ғана емес, жас кадрларды да назардан тыс қалдырмайды. Жақында үйлі болғандардың арасында ұйымға бір жылдан астам уақыт бұрын келген жас жүргізуші Еркін Қадырбай да бар. Екі баласын тәрбиелеп отырған әке үшін бұл қолдау — үлкен демеу.

Фото: Астана Тазалық

Кәсіпорын қызметкерлердің тұрмыстық жағдайын жақсартумен шектелмей, олардың сапалы әрі қолжетімді тамақтануын да тұрақты бақылауда ұстайды. Кәсіподақпен бірлескен жұмыстың нәтижесінде әлеуметтік пакет кеңейтіліп, материалдық көмек пен тұрмыстық қолдаудың жаңа түрлері енгізілді. Бұған қоса, жұмысшылардың біліктілігін арттыру, еңбек мәдениетін нығайту және жас мамандарды тарту бағытында қосымша шаралар жүзеге асырылып жатыр.

Замир Сагинов кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысына да тоқталды.

— Қыс мезгілінде жүргізушілер мен машинистерге шамамен 700-800 мың теңге, ал жазда 500-550 мың теңге көлемінде жалақы төленеді. Инженерлік-техникалық персоналдың еңбекақысы 300-400 мың теңгені құрайды, — деді ол. 

Сонымен бірге компания алдағы уақытта да мотивация жүйесін жетілдіріп, еңбек жағдайын жақсарта беретінін атап өтті.

Фото: «Астана Тазалық» ЖШС баспасөз қызметі

Жұмысшыларға қамқорлық — бір реттік акция емес

Мекеме басшылығының айтуынша, жұмыскерлерге жасалған қамқорлық — бір реттік акция емес, кәсіпорын стратегиясының негізгі бөлігі.

— Қалаға қамқорлық ең алдымен осы жұмысты күн сайын атқарып жүрген адамдардан басталады. Әр қызметкер құрмет пен қолдауды сезінуі тиіс, — деді «Астана Тазалық» басшысы.

Бұдан бұрын Астанада көктайғаққа қарсы жаңа реагент қолданылатынын жазғанбыз. Магний негізіндегі қауіпсіз реагенттер –30°С аязда да тиімді көрінеді.