Спикердің айтуынша, шаңғы тебуден фестиваль, шорт-тректен Қазақстан Республикасының Кубогы, конькимен мәнерлеп сырғанаудан Астана қаласының ашық чемпионаты, конькимен жүгіру спортынан Қазақстан Республикасының ашық чемпионаты, шорт-тректен Астана қаласының ашық чемпионаты, жаңа жылдық кешкі мерекелік бұқаралық жүгіру, «Astana run» атты қысқы жүгіру жарысы, қысқы триатлон жарысы және дәстүрлі «Бұрқасын – 2025» шаңғы фестивалі өткізілмек.
«Елордада қысқы спорт маусымын шаңғы тебу фестивалімен ашуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі ауа райын өздеріңіз білесіздер, қар жауған бойда, Астанада ерекше дәстүрге айналған шаңғы тебу жарысымен маусымымызды ашамыз. Жоспар бойынша бұл шара 16 желтоқсанға белгіленіп отыр.
Жыл сайынғы қысқы маусымның ашылуына мыңдаған қала тұрғындары мен қонақтары жиналады. Олардың қатарында мектеп оқушылары, студенттер, күш құрылымдарының қызметкерлері және қоғам өкілдері спорттық шараларға қатысып, өзара күш сынасады. Мұнда жеңіс басты мақсат емес, себебі шаңғы фестивалі – бұл отбасылық және корпоративтік демалыстың ерекше бір түрі», - дейді Исламбек Байманов.
Ал 8 желтоқсан күні елордадағы Триатлон саябағында әуесқойлардың қысқы жүгірісі өтеді. Жарыс қатысушылары 10 шақырым қашықтықты бағындырады