Елордада классикалық шахматтан ел чемпионатының финалы өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада классикалық шахматтан ел чемпионатының финалы басталып, тақта басында тек медальдар ғана емес, ұлттық құрамаға жолдама да сарапқа салынады. Coventry University Kazakhstan алаңында өтіп жатқан додада тәжірибелі гроссмейстерлер мен жас таланттар өзара бақ сынап, елдің үздік шахматшыларын анықтамақ, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Фото: Астана әкімдігі

2-12 мамыр аралығында өтетін жарыс екі санат бойынша ұйымдастырылған: Open (ашық) және Women (әйелдер). Әр топта 14 шахматшыдан бақ сынап, айналмалы жүйе бойынша 13 тур болады. Ойындар классикалық уақыт бақылауымен өтеді. Демек әр партияға 90 минут және әр жүріске қосымша 30 секунд беріледі. 

Чемпионаттың ашылу рәсімінде Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова жылы лебізін білдірді.

– Сіздерге бүгінгі жарыста сәттілік тілеймін. Шахмат – зияткерлік, терең ойды қажет ететін ерекше ойын. Әсіресе нәзік жандылардың осындай жоғары деңгейде өнер көрсетіп жатқаны қуантады, - деді ол.

Чемпионаттың іріктеу жүйесі де қатаң. Регламентке сәйкес, 2025 жылғы Қазақстан чемпионатының үздік бестігі мен 2026 жылғы чемпионаттың жартылай финалының үш жеңімпазы 14 финалистің қатарына тікелей енді. Сонымен қатар 18 жасқа дейінгі (U18) және 20 жасқа дейінгі (U20) жасөспірімдер чемпиондарының екі жеңімпазы да финалға жолдама алды. Қалған орындар Қазақстан шахмат федерациясының номинанттарына беріліп, оларды жаттықтырушылар кеңесінің ұсынысымен федерация президиумы бекітті.

Алдағы он күнде елдің ең үздік шахматшылары өзара кім мықтыны анықтайды.

Турнирдің жүлде қоры да қомақты. Freedom Holding Corp. ұсынған жалпы жүлде қоры – 20 миллион теңге. Ерлер мен әйелдер арасындағы жеңімпаздар 3 миллион теңгеден алады. Күміс жүлдегерлерге 2,2 миллион теңге, ал қола жүлдегерлерге 1,5 миллион теңгеден беріледі.

Сонымен қатар бұл чемпионат ұлттық құрамаға іріктеудің маңызды кезеңі саналады. Жеңімпаздар Қазақстан атынан халықаралық жарыстарда, соның ішінде Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады.

Айта кетейік, бұған дейін хабарлағанымыздай, Бибісара Асаубаева әлемдік элитадағы үздік жетілік қатарындағы орнын сақтап қалды