Елордада қоғамдық көлікті субсидиялау не себепті өсті

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Бауыржан Тайбергенов елордада қоғамдық көлікті субсидиялауға қанша қаражат бөлінгенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылы 17,8 млрд теңге, 2022 жылы 21,4 млрд теңге, ал 2023 жылы 23 млрд теңге бөлінді. Жыл соңына дейін қалған 16 млрд теңгесі игеріледі», - деп нақтылады Б. Тайбергенов Астана қаласы мәслихаты тұрақты комиссиясының отырысында.

Оның айтуынша, жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектердің қымбаттауына, жүргізушілердің еңбекақы қорының өсуіне, сондай-ақ жаңа автобустарды сатып алуға қатысты субсидия сомасы артты.

«Қазір қала тұрғындары ikomek, әлеуметтік желілер мен веб-сайттар арқылы өздерінің арыз-шағымдары мен ұсыныстарын айтып жатыр. Сонымен қатар тұрғындармен кездесулер барысында саладағы басты проблемалар жарияланып отыр. Бұл тұрғыда жылжымалы құрамның тапшылығы, жолаушылар көлігінің уақытында келмеуіне қатысты шағымдар бар», - деді Б. Тайбергенов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Астана тұрғындарының 48 пайызға жуығы қоғамдық көлікпен жүреді.