Жаңа ережені Бүкіләлемдік көкпар қауымдастығына мүше мемлекеттер жан-жақты талқылап, бір ауыздан мақұлдады. Сондай-ақ бүгін қауымдастыққа мүшелікке жаңадан елдер қабылданды. Бұрын оған Қазақстан, Мажарстан, Моңғолия және Өзбекстан елдері ғана кірген болса, бүгін мүшелер саны онға жетті. Енді күш біріктірсек көкпарды Азия тіпті Олимпиада ойындарының құрамына кіргізуге мүмкіндік бар дейді атқамінерлер.
Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеуханның айтуынша, қазандықты алып тастап, шеңберге ойнау ережесін ұсынған Моңғолия, Венгрия және Тәжікстан болған. «Өйткені біріншіден, тайқазанға ойнау қазақ пен қырғыздан басқа ешкімде дамымай қойды. Екіншіден, шынында да қиын. Атқа да ауыр, 3-4 жылдан кейін аттың шабуы да қиындайды. Қаншама жігіттер майып болып жатыр», - дейді ол.
«Әлем жұртшылығы спорттың жаңа түрін көргісі келеді. Сондықтан біз осы көкпарды насихаттап әлемдік деңгейге көтеруіміз керек. Бұл жәй ғана ойын емес, көшпенді халықтың салт-дәстүрін дәріптейді әрі осы елдерге туристерді көптеп тартуға мүмкіндік береді», -деген пікірде Қырғызстандағы «Аламан» федерациясының президенті Мақсат Шакиев.