Елордада қоқыс шығаруды бақылауға мүмкіндік беретін жаңа құрылғы іске қосылады

АСТАНА. 6 ақпан. ҚазАқпарат - Таяу уақытта қаладағы қоқысты шығару үдерісін бақылауды күшейту мақсатында электрондық мониторинг жүйесі енгізіледі.

Бұл туралы Астана қаласының ресми сайты Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына сілтеме жасап хабарлады.

Басқарманың мәліметіне сәйкес, жүйе бойынша қоқыс өңдейтін кешендерде таразыға, полигонға бейнебақылау қондырғылары орнатылады.

«Бұған қоса, полигон аумағында өрт қауіпсіздігі құрылғыларын, арнайы техникаларға GPS жүйесі қондырғысын орнату да көзделген. Аталған жүйе күн сайын қарқынды дамып келе жатқан Астанаға жаңа серпін береді», - дейді басқарма мамандары.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Астана Тазарту» қалалық санитарлық тазалау және жинау кәсіпорны көлік қозғалысын Астана қаласының картасында еркін бақылауға мүмкіндік беретін жаңа GPS-мониторинг жүйесін орнатқан болатын.