Елордада көлік кешенінің келешегі талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімдігінің қолдауымен елордада алғаш рет «Астана қаласы көлік кешенінің даму үрдісі» атты конференция өтті. Халықаралық қоғамдық көлік одағымен бірлесіп өткізген алқалы жиында Астананың қарқынды дамып келе жатқан көлік жүйесінің бағыттары талқыланды. Бұл туралы «Астана ақшамы» газеті жазады.

ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ЖАҢҒЫРТАТЫН 50 НЫСАН

Бұл конференция - заманауи қалалардың көлік кешендерімен танысуға, тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді бірге тал­қылауға арналған ерекше мүм­кіндік. Екі күнге жалғасқан айтулы іс-шараның ресми бөлімін Астана әкімі Әсет Исекешев, Халықаралық қоғамдық көлік одағының Бас хатшысы Алан Флауш және ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Берік Қамалиев ашты.

Бүгінде елорданың көлік жүйесінде 952 көше бар. Ал жолдардың жалпы ұзындығы 950 ша­қырымнан асады. Астанада көлік жүйесін дамыту мен жаңғырту барысында басымдық ең алдымен жаяу жүргіншілерге, велосипедпен жүргендерге және қоғамдық көліктерге беріледі.

Мінберге бірінші болып көтерілген қала басшысы Әсет Исекешев Астананың көлік кешенін дамыту мен жаңғырту бағытында атқарылған жұмыс­тарды сөз етті.

- Қала қарқынды өркендеп жатыр. Халық саны да артып, Астана мегаполиске айналды. Сәйкесінше, көліктердің де саны көбейді. Бұл жол-көлік қозғалысына айтарлықтай салмақ түсіретіні анық. Бүгінде елор­даның көлік жүйесінде 952 көше бар. Ал жолдардың жалпы ұзындығы 950 шақырымнан асады. Астанада көлік жүйесін дамыту мен жаңғырту барысында басымдық ең алдымен жаяу жүргіншілерге, велосипедпен жүргендерге және қоғамдық көліктерге беріледі. Одан кейін барып жеке кө­ліктер қарастырылады. Бұл баста­маларға көлікпен жүретін астаналықтар тарапынан келіс­пеушілік тууы мүмкін. Алайда мұның бәрі алдымен қоғамдық игілік ретінде қолға алынып жатыр. Келесі жылы қоғамдық кеңістіктің 50 аймағы құрылысы жобасын бастауды жоспарлап отырмыз. Соның аясында 17 гүлбақ, парк және өзен жағалауларында жаяу адамдар мен велосипедшілер үшін арнайы аймақтар ашылады. Елордада жол желісін дамыту өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан

25 жол мен 6 көпірдің және 19 көлік жолайрығы мен өтпе­жол­дардың құрылысы жоспарлануда. Жалпы инфра­құры­лымды жаңғырту үшін 50 нысан қам­тылады. Қазір осы жоба­лардың қаржыландыру жағы қарас­ты­рылуда, - деді елорда әкімі.

ЖЕҢІЛ РЕЛЬСТІ КӨЛІК ЖҮЙЕСІ ТӘУЛІГІНЕ 150 МЫҢ АДАМ ТАСЫМАЛДАЙДЫ
Астананың ажарын айшық­тайтын, көлік жүйесін едәуір жетілдіре түсетін маңызды жо­балардың бірі - LRT жеңіл рельсті көлік. Осы жобаның жай-жапсарына тоқталған қала басшысы Әсет Исекешев жү­зеге асырудың алғашқы кезе­ңін­де LRT қашықтығы 22,4 ша­қырымды құрайтынын айтты.

Бұл жол «ЭКСПО» қала­шы­ғы, Назарбаев университеті, «Абу Даби плаза», Ми­нистр­лік үйі және жаңа темір­жол вокзалының араларын жал­ғайды. Жүйе жабық түрде жаб­дықталатын 18 стансаны қамтиды. Жоба іске қосылса, тәулігіне 150 мың адам тасы­мал­дайтын болады. Мұнда жолау­­шылардың қауіпсіздігі де ескеріледі.

Сондай-ақ, жүйеге эста­ка­далық жол, 19 жылжымалы құрам және бір депо кіреді. Жыл­жымалы құрамдар тұ­тас­тай авто­маттан­дырыл­ған болады және жолақы­сын элек­тронды төлеу жүйе­сімен, дабылқаққышпен, ақпарат­тандыру, видеобақылау жүйе­лерімен жабдықталады.
Аталмыш көлік түрінің Аста­наның ауа райына толықтай бейімделуі де қарастырылған.

LRT қашықтығы 22,4 шақырымды құрайды. Бұл жол «ЭКСПО» қала­шығы, Назарбаев университеті, «Абу Даби плаза», Ми­нистрлік үйі және жаңа темір­жол вокзалының араларын жалғайды. Жүйе жабық түрде жабдықталатын 18 стансаны қамтиды. Жоба іске қосылса, тәулігіне 150 мың адам тасы­мал­дайтын болады.

Жеңіл рельсті көлік жүйесі елорданың беделін көтеріп, танымалдылығын арттыруға, қала тұрғындары мен қонақ­тарын жайлы әрі жылдам та­сымалдауға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, жол жүру уақытын қыс­қартып, үнемдеуге әсер етеді. Сонымен қатар, бұл жүйе жол-көлік қозғалысына кері ықпалын тигізбейді.

АСТАНАНЫҢ АВТОБУСТАРЫ ТҮГЕЛ ЖАҢАРАДЫ

Астана әкімі Әсет Исекешев шаһардағы көлік құралдарының саны мен сапасын да тілге тиек етті.
- Қазір астаналықтардың тек үштен бір бөлігі ғана қо­ғамдық көлікпен жүреді. Бұл көрсеткішті жақсарту үшін ав­тобус парктерін жаң­ғыр­ту­ды ойластырудамыз. Қазіргі таңда қалада 1 140 автобус бар. Оның үштен бір бөлігі - заманауи «IVECO» авто­бустары. Алдағы 5 жылда шаһардағы автобустардың барлығын тү­гел­дей жаңалау көзделіп отыр, - деді елорда әкімі.

 

Сонымен қатар, қала басшысы бүгінде оң нәтижесін берген қоғамдық көліктерге арналған жолақтарды сызу жалғасатынын атап өтті. Оның айтуынша, жолау­шылардың арасында мүмкіндігі шектеулі адамдарға ерекше көңіл бөлінеді: барлық автобус­тарда пандус болады және аялдамаларға тактильді плит­калар төселеді. Балаларды қауіпсіз тасымалдау үшін «Shcoolbus» жүйесі жұмыс істейді. Жолаушыларға жолын бағ­дарлауға қолайлы болуы үшін «Astrabus» мобильді қосымшасы іске қосылды. Қазіргі таңда бұл қосымшаны 2 мыңнан аса адам қолданады. Қазан айында қосымша барынша жетілдірілген түрде жұмыс істейді.

АВТОТҰРАҚ КЕҢІСТІГІ КЕПТЕЛІСТІ АЗАЙТАДЫ

Көліктердің көбеюі көшедегі қозғалысқа ғана салмақ түсір­мей, оларға тұрақ табу да үлкен мәселеге айналған. Бұл жағ­дайды реттеу үшін Астанада «Авто­тұрақ кеңістігін бақылау» жобасы қолға алынып жатыр. Осы тақырыпты елорда басшысы Әсет Исекешев те қозғады.

- Көлік жүйесін дамытудағы маңызды бағыттардың бірі - авто­тұрақ кеңістігін басқару жобасын іске асыру. Бастама халық­аралық кеңесшілердің қаты­суымен әзірленген. Жобада көше бойындағы тұрақ­тар, вокзал маңындағы ау­мақтар, айып тұрақ­тары, үй айна­ласындағы аумақ­тар ес­керілді. Мұны жүзеге асыру бары­сында тұрғындарға белгілі бір қолайсыздық тууы мүм­кін. Бірақ бұл - әлемдік тәжі­рибеде әбден зерттелген, сарап­талған жоба, - деді Астана әкімі.

Жоба кезең-кезеңімен іске асырылады. Көлік иелері үшін тұрақ кеңістігі орын таң­ба­ларымен, белгілермен, төлем үдерісін сипаттайтын ақпа­­раттық тақ­талармен, сон­дай-ақ бос тұрақ орындары көр­сетілетін электронды тақ­та­лармен және қолма-қол ақ­шасыз төлеуге арналған паркоматтармен жабдықталады.

«Астана қаласының автотұрақ кеңістігін басқару» жобасы жол желілеріне түсетін жүкті 20-30 пайызға азайтуға, жол ережелерін бұзуды 70-80 па­йызға кемітуге әсер етеді.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ